Бірінші Qoja Ahmet Yasaui ордені Түркия Президентіне табысталады
АСТАНА. KAZINFORM – Бірінші «Qoja Ahmet Yasaui» ордені Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға табысталады. Бұл туралы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 6-отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
- Сіз екіжақты ынтымақтастығымызды нығайтуға әрдайым зор үлес қосып келесіз. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамытуға зор еңбек сіңіріп жүрсіз. Мұны қазақ халқы жоғары бағалайды. Мен биыл киелі Түркістан жерінде ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінде күллі түркінің рухани темірқазығы Қожа Ахмет Яссауи атындағы арнайы марапатты тағайындау жөнінде шешім қабылдадым. Осыған орай тиісті заңға өзгеріс енгізілді, - деді Президент.
Мемлекет басшысы арнайы Жарлыққа қол қойылғанын атап өтті.
- Құрметті Режеп Тайип Ердоған мырза бүгін міне қазақ-түрік ынтымағы жарасқан тарихи күнде осы мәртебелі награданы ең алғаш рет Сізге табыстайын деп отырмыз. Бүгін арнайы рәсім өткіземіз. Бұл қазақ елінің өзіңізге деген шынайы ықыласы, құрметі және өзара бауырластығымыздың жарқын көрінісі болмақ, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды Тәуелсіздік сарайында ресми қарсы алған еді.
Айта кетейік, отырыс барысында Қазақстан Президент қазіргі таңда қазақ-түрік екіжақты қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып жатқанын, елдеріміздің арасында ешқандай түйткіл жоқ екенін баса айтты.