Біртұтас Парламентке бастар жол: «Парламентаризм жаршысы» журналы таныстырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Елдегі конституциялық реформалар мен саяси жаңғыру жағдайында заң шығару қызметінің сапасын арттыратын «Парламентаризм жаршысы» атты жаңа ғылыми-талдамалық журналдың тұсауы кесілді. 

Біртұтас Парламентке бастар жол: «Парламентаризм жаршысы» журналы таныстырылды
Фото: Kazinform

Сонымен қатар тұсаукесер барысында журналдың жаңа цифрлық платформасы таныстырылды. Заманауи сын-қатерлер мен цифрландыру үрдісіне сай құрылған басылым ашық ғылыми диалог орнатуға және парламенттік қауымдастық пен академиялық орта арасындағы байланысты нығайтпақ.

Бұл бастама Қазақстанның заң шығару жүйесінің жаңа деңгейге өтуі мен болашақтағы Құрылтай форматындағы жұмысқа дайындық аясында ерекше маңызға ие болып отыр.

Біртұтас Парламентке бастар жол: «Парламентаризм жаршысы» журналы таныстырылды
Фото: Kazinform

Басылымның мазмұны мен техникалық бағыты туралы Парламентаризм институты директорының орынбасары Берік Бекжанов кеңінен тоқталып өтті.

— Ең бастысы, «Парламентаризм жаршысы» — таза ғылыми басылым. Оның беттерінде парламентаризм мектебін дамытуға арналған іргелі зерттеулер жарияланады. Бұл — ғалымдардың өзара пікір алмасуына, Парламентте қаралып жатқан заң жобаларындағы нақты нормаларды талқылауға арналған бірегей алаң. Сонымен қатар журналда қылмыстық, қылмыстық-процестік және азаматтық-процестік заңнама төңірегіндегі қордаланған мәселелердің ғылыми шешімдері ұсынылып, практик мамандардың жұмысына талдау жасалады. Басылым тек отандық сарапшылармен шектелмейді, шетелдік ғалымдардың да өз ойын ортаға салуына толық мүмкіндік бар. Осы мақсатта журнал қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді, — дейді ол.

Біртұтас Парламентке бастар жол: «Парламентаризм жаршысы» журналы таныстырылды
Фото: Kazinform

Журнал тек ғылыми зерттеулер жинағы емес, сонымен қатар заң шығарушы билік үшін маңызды кәсіби құрал ретінде қарастырылып отыр. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьеваның пікірінше, бұл басылым Қазақстан парламентаризмінің өткен тәжірибесі мен болашақ нысанасын жалғайтын алтын көпір болмақ. Әсіресе бірпалаталы Парламентке өту кезеңінде мұндай сарапшы талдауының орны бөлек.

— Біз қазір бірпалаталы Парламентке көшу сияқты маңызды белестің алдында тұрғандықтан, заңнама бұрынғыдан да нақты, дұрыс және сараланған тәсілдерді талап етеді. Сондықтан «Парламентаризм жаршысы» — заңгерлер мен депутаттар үшін таптырмас ғылыми құрал, — деп атап өтті депутат.

Біртұтас Парламентке бастар жол: «Парламентаризм жаршысы» журналы таныстырылды
Фото: Kazinform

Айта кетейік, 15 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтеді