Брусчатка, шыны ыдыс, көлік бампері – қайта өңделген қалдықтардан қандай өнім алынады

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет қалдықтарды басқару жобаларын қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті. Нәтижесінде 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктелді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді.

зауыт
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларды тартып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу тапсырмасын берген еді. 

Министрдің айтуынша, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алуды дамыту сапалы қайталама шикізатты талап етеді. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияларды, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет. 

«Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті, ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын салуға бағытталған. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3% сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Үш жылға шамамен 200 млрд теңге қаражат бөлінеді», - деді Е. Нысанбаев Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Министрліктің жанынан құрылған жобалық топ барлық әкімдіктермен және салалық бизнес өкілдерімен кеңестер мен кездесулер өткізген.

«Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтар жағдайын талдауға және проблемаларды жүйелі шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне көңіл бөлінген. Нәтижесінде 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктелді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде брусчатка, люктер, қоқыс бактары, шыны ыдыстар, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылады», - деді Экология министрі. 

Айта кетейік, Қазақстанда тұрмыстық қалдықтың 1 млн тоннасы ғана қайта өңделеді

Соңғы жаңалықтар