Брюссельде 1 сәуірдегі фестивальге жиналғандарды полиция суатқыш қолданып таратты
Қазіргі кезде Бельгияның жоғары оқу орындарының студенттері көктемгі демалыста. Сол себепті жастар саябақ мен алаңдарға барады. Өйткені, қалада кафе, ресторан және қоғамдық-мәдени орындар жабық.
Әлеуметтік желіде «1 сәуір күні «La Boom» фестивалін өткізілетіні жөнінде хабар таралған. Нәтижесінде бельгиялықтар арасында танымал Буа-де-ла-Камбр саябағына 1 500-нан 2 000-ға дейін адам жиналған, олардың басым бөлігі – жастар.
Брюссель мэрі Филипп Клоуз Туиттерде адамдардың «таза ауа жұтқысы» келетінін түсінетінін жазды, алайда, дәрігерлер пандемиямен күресіп жатқан жергілікті ауруханалардағы ауыр жағдайға қарап, биліктің бұндай жиындарды құптамайтынын жеткізді.
Кешкі сағат 18:00-де полиция жиналғандарды таратуға кірісті. Наразылық білдіргендер жағынан да, полиция жағынан да бірнеше адам жарақат алды. Атты полиция бақ арасындағы адамдарды қуып шығып, сағат 21:00-де тәртіп орнады.
Еске сала кетейік, Бельгияда кешкі сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін комендат сағат жарияланған.
Авторы Арнұр Рақымбеков