Брюссельде Еуроодақтың барлық елдері экономикалық реформалар бойынша келісімге келе алмады
БРЮССЕЛЬ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Димаш Сыздықов/ - Еуроодақтың мемлекеттері мен үкіметтерінің басшылары қарыз дағдарысын еңсеру үшін қажетті реформалар жүргізу мәселесі бойынша мәмілеге келе алмады, экономикалық саясат пен фискальдық тәртіпті үйлестіруді күшейту жөніндегі үкіметаралық келісім құру жөнінде ғана уағдаласты.
Бұл туралы ЕО Кеңесінің төрағасы Херман Ван Ромпей Брюссельдегі түні бойы жалғасқан бірінші күнгі отырыстың қорытынлары бойынша мәлім етті.
«Еуроаймақтың он жеті елі, сондай-ақ басқа алты мемлекет үкіметаралық келісім жасасады», - деді Х.Ромпей.
Бұдан бұрын саммитте Германия мен Францияның ЕО нормативтік-құқықтық актілеріне бюджеттік қаражаттарды жұмсауға және мемлекеттік қарыз көлеміне бақылауды күшейтетін елеулі өзгерістер енгізу туралы ұсыныстары қабылданады немесе еуроаймақтың 17 мемлекеті мен осы одаққа қосылатын елдер арасында жаңа шарт жасалады деп пайымдалған болатын. Алайда бұған бірқатар елдер, соның ішінде Ұлыбритания, Польша, Швеция, Румыния және басқалары қарсы болды.
Дегенмен ЕО Кеңесінің төрағасы Х.Ромпей Лиссабон шартына өзгерістер енгізуден бұрын үкіметаралық келісім шапшаңырақ жасалар деген үмітін үзбейді.
Бүгін Брюссельде ЕО саммиті одан әрі жалғасады, онда Хорватияны Еуроодаққа қосу туралы шартқа ресми қол қойылмақ, бұл ел 2013 жылдың шілдесінен бастап біртұтас еуропалық құрылымның толық құқылы мүшесі болмақ. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары қарыздық дағдарыс мәселелерін шешу мәселелерін талқылауға қайтадан кіріседі.