Брюссельде гемофилия мен лейкоз ауруына шалдыққан қазақстандық балалардың сурет көрмесі өтті
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Брюссельде ҚР Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «Шығыс пен Батыс арасында көпір орнату» бағдарламасы аясында «Арман» балалар көрмесі өтті.
Көрмеге гемофилия мен лейкоз ауруына шалдыққан балалардың салған суреттері қойылды. Сурет салуда балаларға қазақстандық танымал өнер қайраткерлері - суретші Марат Бекеев пен мүсінші Эдуард Казарян көмектесті. Аталған шаралар ауруға шалдыққан балаларға психологиялық қолдау көрсетуге бағытталған арттерапия болып келеді.
«Мына жиын біздің Астана, Алматы, Атырау қалаларындағы балалармен жасаған үш жылдық жұмысымыздың нәтижесі болып келеді. Біз бүгін осы шара арқылы балаларды бөлмейтіндігімізді көрсеткіміз келді. Әр бала бақытты болуға, армандауға лайық», - деді көрменің ұйымдастырушысы Лариса Инджуджян.