Брюссельде лаңкестік қаупінің жоғары деңгейі бір аптаға ұзартылды

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Бельгия билігі лаңкестік қауіптің жоғары деңгейін кем дегенде келесі дүйсенбіге дейін сақтайды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Шарль Мишель дүйсенбі күнгі кеште айтты.
None
None

«Террористік қауіп деңгейін «4» көрсеткішінде сақтап қалу шешімін қабылдадық. Бұл аса үлкен қауіпті білдіреді. Елдің қалған аумағында қауіптілік деңгейі «3», - деді үкімет басшысы.

Брюссельде мектептер, университеттер мен метро сәрсенбіге дейін жабық болады.

«Біртіндеп өмірдің қалыпты жағдайына оралғымыз келеді. Брюссельде мектептер мен метро сәрсенбі күні ашылады», - деді елдің премьер-министрі.

Ел билігі елорда тұрғындарына сапарға, адамдар көп шоғырланған жерлерге шықпауды, биліктің, полиция мен арнайы қызметтердің нұсқауын ұстануға кеңес берді.

Осыған дейін премьер-министр күш құрылымдары лаңкестік оқиғалардың қайталануы жөніндегі ақпаратқа ие екенін айтты.

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні полиция Брюссельде және оның маңында 19 рейд жүргізді. Терроризмге қарсы шара барысында 16 адам ұсталды, алайда Парижде шабуыл жасауға негізгі күдікті Салах Абдеслам қолға түспеді.

Еске сала кетейік, қауіптерді сараптау бойынша бельгиялық үйлестіру орталығы (OCAM) өткен сенбі күні Брюссельдегі лаңкестік қауіптің деңгейін ең жоғарығы - төртінші санатқа дейін көтеру туралы шешім қабылдады. Елдің қалған аумағында бұл көрсеткіш үшінші деңгейде.

Соңғы жаңалықтар