09:50, 19 Қазан 2016 | GMT +5
Брюссельде супермаркетте адамдарды кепілге алған қылмыскер ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бельгия құқық қорғау органдары Брюссельдегі Carrefour супермаркетінде адамдарды кепілге алған ер адамды қолға түсірді. Алдын ала ақпарат бойынша, қылмыскер өз еркімен берілген. Кепілдегілердің ешқайсысы зардап шекпеді, деп хабарлады newsru.com.

Қылмыскердің кім екені әзірге анықталмады, алайда полиция әрекетті лаңкестік емес, қатардағы қарақшылық қылмысы деп санайды.
DH журналистері ер адам кепілге адам алғанын жариялағанда супермаркетте 30-ға шақты кісі болғанын айтады. Олардың ешқайсысы зардап шекпеді, алайда барлығы қатты сескеніп қалған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жақын жердегі госпитальге жеткізілді.
«Қылмыскердің жасы шамамен 25-30-да. Қолында тапанша болған. Нені қалағанын білмеймін. Кассирге қатты қоқан-лоққы көрсетті», - дейді кепілдіктен босатылғандардың бірі.