Брюссельде үйректердің кесірінен екі трамвай соқтығысып, 14 адам зардап шекті
АСТАНА. 18 маусым. ҚазАқпарат - Брюссельде екі трамвайдың қатысуымен жол-көлік оқиғасының нәтижесінде 14 адам зардап шекті. Бұл оқиға Бельгия астанасының орталығындағы қозғалыстың шектелуіне әкеп соқты, деп хабарлайды «РосБизнесКонсалтинг».
Төтенше жағдайға үйректер кінәлі болғаны анықталды. Трамвайлардың бірінің жүргізушісі 18 маусым күні таңертең туннельден шығып келе жатып, қала орталығындағы рельстерден түсініксіз көлеңкені байқап қалған. Сол кезде ер адам машинаны тоқтатуға шешім қабылдап, апаттық жарықты қосады.
Алайда, осы құрамның артынан келе жатқан трамвайдың жүргізушісі тоқтап тұрған трамвайды уақытында байқамай, машинаға келіп соғылған. Нәтижесінде қос трамвай да рельстен шығып кеткен.
ЖКО салдарынан зардап шеккен адамдар айтарлықтай жарақат алған жоқ. Ал трамвайлардың соқтығысуына рельстерде серуендеп жүрген екі үйрек себепкер болған.