Брюссельде көпқабатты үйден өрт шығып, 130 адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM – Сәрсенбі күні түнгі сағат 00:10-да Бельгия астанасының өрт сөндіру қызметіне Chaussée d'Anvers көшесіндегі үйден өрт шыққаны туралы хабар келіп түсті.

Жергілікті баспасөздің хабарлауынша, өрт 10 қабатты үйдің 3-ші қабатындағы пәтерден шыққан. Куәгерлердің айтуынша, жалын бірден 4-ші және 5-ші қабаттарды шарпыды.
Төтенше жағдайлар қызметі полицейлердің көмегімен үйдің 130-ға жуық тұрғынын эвакуациялады. Қалған тұрғындарға өз пәтерлерінде қалуын сұрады.
Құтқарушыларға өртті ауыздықтауға бір сағаттай уақыт кетті. Азаматтық қорғаныстың соңғы көлігі оқиға орнынан таңғы сағат 4:00 шамасында кетті.
Құтқару жұмыстары кезінде бір полицей зардап шекті, тоғыз адам жеңіл улану белгілерімен ауруханаларға эвакуацияланды, олардың арасында балалар да бар.
Полиция, сонымен қатар, қауіпсіздік периметрін орнатып, олардың спорт залында эвакуацияланған тұрғындарды қабылдау орталығын ұйымдастырды.