Брюссельде наразылық білдірушілер мен полиция арасында қақтығыс болды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Еуропа астанасында жергілікті кәсіподақтар ұйымдастырған ірі наразылық акциясы өтті. Еңбекшілер шеруі Оңтүстік вокзал маңында жастар мен полиция арасындағы қақтығысқа ұласты. Құқық қорғау органдары бірнеше адамның ұсталғанын хабарлады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.
Таңертең Брюссельдегі Орталық вокзал маңына бейбіт наразылық акциясына қатысушылар жиналды. Акцияны елдегі ең ірі кәсіподақтар ұйымдастырды. Олардың бастамасымен шамамен 30 мың адам жиналған.
Брюссель полициясының мәліметінше, шеру жалпы бейбіт өткен. Алайда шерудің шеткі бөліктерінде, әсіресе Орталық және Миди вокзалдары маңында бірнеше қақтығыс пен оқиға тіркелген.
— Қызметкерлерімізге бірнеше рет түрлі заттар, соның ішінде шыны бөтелкелер, тас кесектері, кірпіштер, таяқтар мен пиротехникалық бұйымдар лақтырылды, — делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар ықтимал қауіпті заттар, оның ішінде қолдан жасалған жанғыш қоспалар, бензин, пиротехникалық бұйымдар, пышақ, балға, оттықтар мен қолғаптар табылған.
Қазіргі уақытта үш адам әкімшілік тәртіппен, ал 18 адам сот шешімімен қамауға алынған. Сот шешімімен ұсталғандардың 13-і — кәмелетке толмағандар, бесеуі — ересектер. Бұл мәліметтер өзгеруі мүмкін.
— Қала орталығында тыныштықты толық қалпына келтіру және жаңа оқиғалардың алдын алу үшін қызметкерлеріміз жұмысын жалғастырып жатыр, — деп атап өтті полиция.