Біржақты көмектен стратегиялық әріптестікке: Қазақстан мен Сауд Арабиясы қатынастары қалай өзгеріп келеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өтіп жатқан халықаралық ғылыми конференцияда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жаңа бағыттары сөз болды.
Шығыстанушы Анар Мұстафаева «Қазақстан-Сауд Арабиясы қатынастарының трансформациясы: экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық өлшемі» атты баяндамасында екі ел арасындағы ынтымақтастық инвестициямен ғана шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, қазір жасыл энергетика, су ресурстары және азық-түлік қауіпсіздігі салаларында ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл екі елдің экономикалық мүдделерін ұштастырып, Қазақстанның инфрақұрылымын жаңғыртуға және ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сауд Арабиясының Қазақстанға инвестициясы
Анар Мұстафаеваның баяндамасында Сауд Арабиясының Қазақстанға білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылым салаларында 120 миллион доллардан астам қолдау көрсеткені айтылды.
Ислам даму банкі Қазақстандағы су қоймаларын салу мен ирригация жүйелерін жаңғыртуға 1,15 млрд доллардан астам қаражат бөлген. Көлік, энергетика және өнеркәсіп жобаларына да 1,1 млрд долларға дейін қаржы қарастырылған.
— Бұл жобалардың басты ерекшелігі — олардың қысқа мерзімді коммерциялық қайтарымнан гөрі Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылығына бағытталуы. Су, көлік және энергетика сияқты салалар ұлттық инфрақұрылымның базалық элементі саналады, — деді сарапшы.
Сауд Арабиясының «Vision 2030» ұлттық даму бағдарламасы Қазақстанның энергетикалық және аграрлық әлеуетімен ұштасады.
Энергетика саласында саудиялық ACWA Power компаниясы Жетісу облысындағы Жоңғар қақпасында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салу жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаның құны 1,8 млрд доллар деп бағаланған. Оның іске асуы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және жел энергетикасы саласына жаңа технологияларды енгізуге ықпал етуі мүмкін.
Екі елге де тиімді
Сауд Арабиясы Қазақстанның аграрлық және өңдеу өнеркәсібі салаларына инвестиция салуға мүдделі.
— Ұсынылған модель Қазақстандағы инвестициялық жобаларды Сауд Арабиясындағы өзара жобалармен байланыстырады. Бұл тәсілдің маңызы — Қазақстанға капитал мен технология, ал Сауд Арабиясына ұзақмерзімді азық-түлік жеткізілімі қажет. Сондықтан бұл біржақты көмек емес, «win-win» (өзара тиімді) қағидатына сай келеді, — деді Мұстафаева.
Осылайша, Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қатынастар біржақты қаржылай қолдаудан өзара экономикалық мүдделерге негізделген стратегиялық әріптестікке қарай бет алып келеді.
Еске салайық, Алматыда «Қазақстан мен Шығыс әлемінің тарихи-мәдени, саяси-экономикалық қарым-қатынастары: тарихы, бүгіні және даму беталысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр.
Шығыстанушы Шығыс архивтерінен Қазақстан тарихына қатысты мыңдаған еңбек табылғанын айтты.
Конференцияда спикерлердің бірі Қазақстан бірнеше көлік дәлізін ұштастыру арқылы транзит мүмкіндігін кеңейтетінін айтып берді.