Бішкекте отбасын құрғандарға арналған жаңа жоба басталды
АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстан астанасында «Жаңа үйленгендердің ағаш отырғызуы» атты жаңа экологиялық және әлеуметтік жоба басталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.
Бішкек қалалық әкімдігінің мәліметінше, жаңа үйленгендер жас отбасының символы ретінде өздерінің жеке ағаштарын отырғыза алады.
Қатысу үшін екі апта бұрын қалалық әкімдіктің ресми сайты арқылы өтінім беріледі. Қатысушылар күнді, уақытты және қалаған орынды таңдайды, содан кейін QR код арқылы төлем жасайды.
Қызмет құны ұйымдастырушылар ұсынған көшеттің тамыр жүйесінің түріне байланысты:
- 10 сәуір мен 25 қазан аралығында жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді отырғызу үшін 15 500 сом;
- ерте көктемде 10 наурыздан 10 сәуірге дейін және күзде 26 қазаннан 25 қарашаға дейін жалаңаш тамырлы көшеттерді отырғызу - 7800 сом.
Жоба Бішкекті көгалдандыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауды қалыптастыруға бағытталған. Отырғызылған ағаш жаңа отбасының символына айналады, онымен бірге өседі және бұл маңызды оқиғаның естелігін алдағы жылдарға сақтайды.
Бұған дейін Ақсу-Жабағылы қорығының 100 жылдығына орай 1000 түп ағаш егілгенін хабарлаған едік.