Бішкекте өткен белбеу күресі турнирінде Қазақстан полицейі топ жарды
БІШКЕК. KAZINFORM – Бішкекте өткен белбеу күресі турнирінде Қазақстан полиция қызметкері жеңіске жетті.
12 елден келген 150-ден астам спортшы қатысқан жарыста +75 келі салмақ дәрежесінде Қызылорда облысы полиция департаментінің жылдам әрекет ететін арнайы жасағының инспекторы, полиция капитаны Арайлым Оразбай жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Polisia.kz-тің мәліметінше, Арайлым жарыс барысында Қырғызстан, Иран және Жапония спортшыларын жеңген. Ал финалда Өзбекстан палуанынан 3:1 есебімен басым түсіп, бірінші орынды иеленді. Осылайша ол екінші рет Азия чемпионы атанып, әлемдік додада еліміздің көк туын желбіретті.

Айта кетейік, «ARLAN» спорт клубының мүшесі Арайлым Оразбай бірқатар республикалық және халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсеткен.
Еске салсақ, бұған дейін хабарлағанымыздай, Арнайы операциялар күштерінің әскерилері қоян-қолтық ұрыстан 9 медаль олжалады.