Бішкекте ШЫҰ елдерінің халықаралық медициналық конгресі өтіп жатыр
БІШКЕК. KAZINFORM – Бішкекте 27-29 наурыз аралығында өтетін ШЫҰ елдерінің халықаралық медициналық конгресі өз жұмысын бастады.
Конгреске ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерден және басқа елдерден кардиология, ішкі және тау медицинасы саласындағы жетекші ғалымдар мен мамандар, жас ғалымдар, жоғары оқу орындарының өкілдері және ғылыми ұйымдардың қызметкерлері, ШЫҰ елдерінің ұлттық ғылыми-медициналық орталықтарының өкілдері, сондай-ақ ДДҰ қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып жатыр.
Іс-шараны ашқан Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров денсаулық сақтау саласын дамыту Қырғызстан үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен өтетін мұндай ауқымды конгресс елдеріміз арасындағы медициналық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы алғашқы қадам болмақ. Елдер арасындағы ынтымақтастық медицина ғылымы мен тәжірибесін дамытуға, медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, сондай-ақ барлық азамат үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге ықпал ететін маңызды интеграциялық құрал», - деді А.Жапаров.
Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алымқадыр Бейшеналиев өз сөзінде халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың аса маңыздылығын атап өтті.
«Біз денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерді талқылап, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу үшін жиналдық. Жүрек-қан тамырлары және жұқпалы емес аурулармен күресу – түрлі елдердің өкілдерін осы ортақ мақсат біріктірген. Біздің бірлігіміз бен білім алмасуымыз осы мәселелерге қарсы күресте қуатты құрал болатынына сенімдімін. Қырғызстан кардиология, кардиохирургия және ішкі медицинада ғылыми-зерттеу қызметін жандандыруға және заманауи ғылыми кластерлерді құруға ұмтылуда. Бұл диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін дамытуға, медициналық тәжірибенің тиімділігін арттыруға және өлім-жітім деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді және, сайып келгенде, біз халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың аса маңыздылығын атап өтуіміз керек», - деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қырғызстанда 2021 жылы жүрек-қан тамырлары ауруларынан (ЖҚА) өлім көрсеткіші 52,3%, ал жалпы жұқпалы емес аурулардан 80%-дан астам болған. ЖҚА-дан болатын өлім-жітім негізінен жүректің коронарлық ауруы, соның ішінде миокард инфаркті, артериялық гипертензия, жүрек аритмиясы және созылмалы жүрек жеткіліксіздігінен туындайды.
Сарапшылар өлім-жітім мен мүгедектіктің жоғары деңгейіне байланысты жүрек-қан тамырлары және жұқпалы емес аурулар Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдерде де күрделі мәселе екенін атап өтті.