Бішкекте ШЫҰ саммиті кезінде 15 мыңнан астам тәртіп сақшысы қоғамдық тәртіпті қадағалайды
АСТАНА. KAZINFORM - Қырғызстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі өтетін кезеңде милиция күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Бішкек қаласының ІІБ мәліметінше, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың, ресми делегациялар мүшелерінің, халықаралық іс-шараларға қатысушылар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ішкі істер органдарының 15 мыңнан астам қызметкері жұмылдырылады.
Билік қала тұрғындары мен қонақтарынан күшейтілген қауіпсіздік шараларына, сондай-ақ көлік қозғалысына енгізілетін уақытша шектеулер мен әдеттегі бағыттардың өзгеруіне түсіністікпен қарауды сұрады.
Азаматтарға қоғамдық тәртіпті сақтап, милиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындау ұсынылды. Сондай-ақ қала ішінде жүріп-тұру бағытын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысына қатысушылардың барлығына құрметпен қарауға шақырылды.
Еске сала кетейік, 31 тамыз-1 қыркүйек күндері Бішкекте Қырғызстанның төрағалығымен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
31 тамызда жаңа «Бішкек Арена» стадионында VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді.
Ойындардың негізгі спорттық, мәдени және ғылыми бағдарламасы 2-6 қыркүйек аралығында Ыстықкөл облысының Чолпон-Ата қаласы мен Қырчын шатқалында жалғасады.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Бішкекте өтетін ШЫҰ саммитіне қатысатыны хабарланған болатын.
Сондай-ақ Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен 30 тамызда елге мемлекеттік сапармен келетіні хабарланды.
ШЫҰ саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және оларды өткізу кезеңінде Қырғызстанда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.
Саммит кезінде Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кету ұсынылды.
Сонымен қатар қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайту үшін 31 тамыз бен 1 қыркүйекте Бішкекте ресми делегациялар жүретін бағыттар бойындағы ірі сауда орталықтары, базарлар мен бірқатар жерасты өткелі жабылады.
Айта кетейік, Қырғызстанда Көшпенділер ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр.