Бішкекте ТМҰ елдерінің денсаулық сақтау министрлері бас қосты

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің денсаулық сақтау министрлерінің 6-шы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Казахстан участвует на встрече министров здравоохранения стран ОТГ в Бишкеке
Фото: Гүлмира Абдрахманова / Kazinform

Алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қырғыз Республикасының Денсаулық сақтау министрі Дамирбек Осмонов, Әзербайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Теймур Мусаев, Түркия Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нуруллах Окмуш, Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Отабек Имамов және Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев арнайы шақырылған.

Жиынға қатысушылар дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медицина кадрларын даярлау, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне назар аударды.

«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков Қырғызстанға жұмыс сапарының мән-жайын түсіндірді.

– Біз Түркі мемлекеттері ұйымы денсаулық сақтау министрлерінің кезекті отырысына қатысып жатырмыз. Қазақстан делегациясын ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бастап келді. Сапардың басты мақсаты – ТМҰ елдерінің медициналық және дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығын нығайту.

Спикер дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне ерекше тоқталды.

— Жиында ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің бірлесіп дәрі-дәрмек сатып алу мәселесі талқыланады. Елдер препараттарды сатып алу көлемін біріктірген кезде, олардың құны төмендеп, сатып алу мүмкіндіктері артады, — деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, бүгінде «СК-Фармация» Қырғызстанның «Кыргызфармация» мемлекеттік кәсіпорнымен тығыз ынтымақтастық орнатқан.

– Биыл және келесі жылы сатып алуға болатын 60-қа жуық дәрі-дәрмек анықталды. Бұл 600 мың доллардан астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында отандық тауар өндірушілердің де, ірі фармкомпаниялардың да өнімдері бар. Препараттарды сатып алуда Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуетін біріктіру екі елдің де бюджетін едәуір үнемдеуге септігін тигізеді, — деп атап өтті ол.

ҚР Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Дәурен Диханбаев тараптардың тағы бір маңызды мәселені талқылайтынын айтты. Оның сөзінше, жиында Қазақстан тарапының дәрілік заттарды тіркеуді өзара тану туралы ұсынысы қаралады.

– Бүгінгі жиында дәрі-дәрмекті, соның ішінде Қазақстанда өндірілген препараттарды бірлесіп сатып алу мәселесі талқыланады. Біздің ұйым бұл дәрілерді тіркеуге, тіркеуден кейінгі қауіпсіздік бақылауы мен сапасын қадағалауға жауап береді. Қазақстан тарапы дәрілік заттарды тіркеуді өзара тануды ұсынбақ. Бұл тәртіп ДДСҰ бағалауы бойынша дәрі-дәрмекті реттеу жүйесі 3-деңгейге жеткен елдерге қатысты. Қазір мұндай деңгейге Қазақстан мен Түркия ие. Ал өзге елдерге осы деңгейге көтерілу үшін тәжірибелік қолдау көрсету ұсынылады, – деді ол.

Дәурен Диханбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан дәрі-дәрмектің қауіпсіздігі туралы ақпарат алмасу және ақпараттық жүйелерді біріктіру жөнінде келісімге келген.

– Екі апта бұрын Чолпон-Атада екі ел өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Онда тәжірибе алмасу және екі елде дәрі-дәрмекті тіркеуді жеделдету жөніндегі келісімдер бекітілген. Бүгін осы келісімдерді бекітіп, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындау жоспарланып отыр, – деді ол.

Бұған дейін Түркі елдері жасанды интеллект пен цифрлық қауіпсіздік мәселелерін талқылағанын жазған едік.