Бішкекте ЖЭО-дағы апат кезінде диверсия мен лаңкестік белгілері байқалмады – Бас прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM — Бішкектегі ЖЭО-дағы апат кезінде диверсия мен лаңкестік белгілері байқалмады. Бұл туралы Қырғыз Республикасының Бас прокуратурасы мәлім етті.

Ведомствоның мәліметінше, 2024 жылдың 2 ақпанында сағат 03.00 шамасында лауазымды тұлғалардың қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы және қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан Бішкек жылу электр орталығында жарылыс болған. Оқиға салдарынан зардап шеккен бес адам түрлі дәрежедегі күйікпен ауруханаға жеткізілді. Осыдан кейін қалада жылу беру тоқтатылып, мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірілген.
«Бішкек қалалық прокуратурасы 245 «Коммерциялық немесе өзге де ұйымдар қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалануы», 317 «Магистральдық құбырларды салу, пайдалану немесе жөндеу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу», 337 «Қызмет бабын асыра пайдалану» баптарында көзделген қылмыс бойынша қылмыстық іс қозғады. Істі тергеу Қырғыз Республикасының Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетіне тапсырылды», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 2 ақпанға қараған түні Бішкек ЖЭО-да апат болып, қондырғылар істен шыққан болатын. Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі техногендік сипаттағы нұсқамен қатар ықтимал диверсияны жоққа шығармады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елордадағы жылу электр орталығында болып, қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Оларға тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуды қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылдау, сондай-ақ жылу электр орталығының жұмысы толық қалпына келтірілгенге дейін жедел ақпарат беру тапсырылды. Сонымен қатар мемлекет басшысы төтенше жағдай жойылғанға дейін арнайы қызметтердің жұмысын күшейтілген режимге көшіруді тапсырды. Сондай-ақ оларға Бішкектегі жылу-электр орталығын толықтай жаңарту міндеті жүктелген. Қырғыз Республикасы Президентінің айтуынша, апатқа жоғары сапалы көмір себеп болуы мүмкін.
Министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров Алматыға жұмыс сапарын үзіп, Бішкекке оралды. Онда жедел штабтың отырысын өткізіп, оның қорытындысы бойынша тиісті органдарға бірқатар тапсырма берді.