Бішкектен Габалаға: Түркі мемлекеттерінің жетістіктері мен келешегі
АСТАНА. KAZINFORM — 3 қазан — Түркі мемлекеттері ынтымақтастық күні және Нахчыван келісімінің 16 жылдығы. Осы датаға орай Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев арнайы мақала жариялап, ұйымның институционалдық дамуы мен өңірлік ықпалдастықтағы жетістіктерін атап өтті.
ТМҰ — 40-қа жуық салада ынтымақтастық алаңы
Соңғы 16 жыл ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы саясаттан бастап ауыл шаруашылығына дейін, энергетикадан цифрландыру мен ғарышқа дейінгі 40-қа жуық салада нақты ынтымақтастық механизмдерін қалыптастырды.
— Бұл жетістік мемлекет басшыларымыздың берік ұстанымы және көрегендігіне, Сыртқы істер министрлеріміздің басшылығына, ТМҰ-ға мүше және бақылаушы елдердің министрліктері мен мекемелерінің белсенді еңбегіне сүйенбесе жүзеге аспас еді. Бұл — тарих пен мәдениет арқылы тоғысқан байланыстарымызды ынтымақтастық пен өркендеудің нақты құралына айналдыруға деген ұжымдық ерік-жігеріміздің айқын көрінісі, — деді Бас хатшы.
Қырғыз төрағалығы аясында қол жеткізілген жетістіктер
2024 жылғы қараша айында Түркі мемлекеттерінің көшбасшылары «Түркі әлемін нығайту: Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаға қауіпсіздік» ұранымен Бішкекте өткен Саммитте маңызды шешімдер қабылдап, ынтымақтастықтың жаңа белесіне қадам басты.
— Келесі жыл бұрын-соңды болмаған қарқынмен өтті. 120-дан астам жоғары деңгейдегі кездесу мен іс-шаралар ұйымдастырылып, ауқымы кеңейіп, ынтымақтастыққа жаңа серпін берілді. Аталмыш іс-шаралардың арасында 2025 жылғы қыркүйекте Бішкекте өткен ТМҰ Премьер-Министрлерінің алғашқы тарихи кездесудің маңызы зор. Жиын барысында сауда, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру мәселелері талқыланып, ортақ мәлімдемемен қорытындыланды. Атап айтқанда, Саммиттерде Президенттер қабылдаған шешімдерді шұғыл әрі тиімді жүзеге асыру қажеттілігі айтылды. Бұл — Ұйымымыздың экономикалық негізін нығайтатын жаңа бір тенденцияның бастауы болды, — деді Кубанычбек Омуралиев.
Салалық кездесулер бұл тенденцияны одан әрі толықтыра түсті. Алғаш рет орталық банктер, қаржы барлау бөлімшелері, қорғаныс өнеркәсібі мекемелері және зияткерлік меншік агенттіктері жеке форматта кездесулер өткізді. Түркі әлемінің Сақтандыру одағының Ассамблеясы мен жасыл қаржы кеңесінің алғашқы отырыстары ұйымдастырылды. Бұдан тыс Орталық сайлау органдарының консультациялық алаңы (APCEA) құрылды.

Дәстүрлі отырыстар жаңа идеялармен толықты. 2025 жылғы маусым айында ТМҰ Ауыл шаруашылығы министрлері Шолпон-Атада бас қосып, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа арналған Бірлескен коммюнике мен Стратегиялық жол картасын қабылдады. Шолпон-Ата 2025–2026 жылғы Түркі әлемінің ауыл шаруашылығы астанасы болып жарияланды. Түркі кәсіпкерлерінің агро-форумы өткізіліп, мекеме басшылары, іскер топтары мен инвесторлар жаңа жобаларды пысықтады.
Туризм саласында Жалал-Абад Түркі әлемінің туризм орталығы болып жарияланып, қыркүйек айында өңірдің туристік әлеуетін таныстыратын және серіктестікті нығайтатын халықаралық туризм форумы өтті. Қысқы туризм де жаңа деңгейге көтерілді. Өзбекстанда алғашқы Түркі шаңғы кубогы өтіп, Әзірбайжанның Шахдаг курортында Түркі шаңғы курорттары саммиті ұйымдастырылды. «Бірыңғай шаңғы шаңғы ски-пассы», «Ортақ музей билеті» және «Turk ID» сияқты бастамалар мүше мемлекеттер арасында саяхаттауды бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етуде.
Мемлекеттік басқару және қауіпсіздік салалары да белсенді дамуда. Ыстықкөлде кадрларды дамыту агенттіктері басшыларының кездесулері өтті. Сондай-ақ, Бішкекте мүфтияттар мен қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары отырыстар өткізді.
Жастар және спорт саласындағы ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді. Шолпон-Атада өткен III Түркі универсиадасына 500-ден астам қатысушы бас қосты. Алматыда «Түркі әлемінің Жастар орталығы» ашылды. Ташкентте III Диаспора жастар форумы өтті.
Габалада өткен Спорт еріктілері форумы мен Ыстанбұлда өткен «Turkic Red Network» еріктілер лагері — өңірлік өзара іс-қимылды одан әрі күшейтті.
Білім беру саласы — интеграциялық күш-жігеріміздің өзегі болып қала бермек. Министрліктер мен университеттер «Түркі университеттері одағы» (TURKUNIB) мен «Орхон» оқу бағдарламасына арналған тұрақты хатшылық пен бағдарламалық қор құру бағытында нақты қадамдар жасауда. Сонымен қатар Мажарстан ТМҰ үшін Ғылыми зерттеулер, даму және инновация қорына жыл сайын 1 миллион еуро бөлуге дайын екендігін білдірді. Бұл бастама Түркі әлемінде зерттеу, инновация және білім алмасуды қолдайтын маңызды қадам болмақ.
Ғарыш, инновация және мәдениет салалары да басым бағыттардың қатарында. Бакуде ТМҰ-ға мүше мемлекеттер ғарыш саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бастамасы ретінде ортақ «Cube Satellite» жобасын пасықтады. Измирде Түркі ғарыш зерттеушілері академиясының III лагері ашылып, жас ғалымдарға астрономия, астрофизика және зымырантану бойынша оқу мүмкіндігі ұсынылды.
Халықаралық мәдени іс-шаралар да жоғары деңгейде өтті. Бішкекте аты аңызға айналған манасшы Саяқбай Қаралаевтың 130 жылдығына арналған VIII Халықаралық эпос орындаушылары фестивалі ұйымдастырылып, онда ТМҰ «Ең үздік киіз үй» байқауының жеңімпазын марапаттады.
Бұл бастамалар Бішкек саммиті мен кейінгі Қырғыз төрағалығы кезеңінің интеграциялық үдерісті жандандырып, Түркі мемлекеттерінің бірлесіп қол жеткізе алатын мүмкіндіктерінің көкжиегін кеңейткенің айқын көрінісі.
Жаһандық өзара байланыс және стратегиялық инновация
2025 жылғы 21 мамырда Будапештте өткен ТМҰ-ның Бейресми саммиті алғаш рет Еуропада, бақылаушы мемлекеттің аумағында ұйымдастырылды. Саммитте қабылданған Будапешт декларациясы экономикалық интеграция, цифрлық даму және қауіпсіздік салаларында жаңа жол картасын айқындады.
— ТМҰ халықаралық аренада белсенді әріптеске айналды. Мемлекет басшыларының тапсырмаларына сүйене отырып, Женева, Вена, Брюссель, Париж және Нью-Йорктегі жетекші ұйымдармен диалогты кеңейттік, — деді ТМҰ Бас хатшысы.
Ыстанбұлда Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (UNIDO) өнеркәсіптің және TÜBİTAK-пен бірлесіп ұйымдастырылған «Cleantech Days 2025» форумы өтті. Үкімет өкілдері, кәсіпкерлер мен инноваторлар бас қосып, таза технологияларды таныстырып, шағын және орта кәсіпорындарды қолдау жолдарын талқылады. Сондай-ақ, өңірлік ынтымақтастықтың жаһандық жасыл өтуді қалай жылдамдата алатынын зерттеді. Талқылаулар бір айқын шындықты көрсетті: ТМҰ — тек аймақтық ойыншы ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызды сын-қатерлерге ортақ шешім ұсынатын құрылым.
Бұл қарқын Венада өтетін «Түркі апталығының» екінші шығарылымы сияқты жаңа бастамалармен жалғасады. Аталған шара біздің Ұйымның миссиясы мен жетістіктерін жаһандық деңгейде таныстыруды мақсат етеді.
Әзербайжанның шешуші рөлі
2009 жылғы Нахчыван келісімінің қол қойылғар жері ретінде Әзербайжанның ТМҰ құрылымында айрықша орны бар. Әзербайжан елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығының қалпына келуі өңір үшін жаңа бір дәуірдің есігін ашып, бейбітшілікті нығайтты.
— Әзербайжанның Оңтүстік газ дәлізі, Баку–Тбилиси–Карс теміржолы және Орта дәліз секілді ірі көлік және энергия жобаларындағы рөлі кеңінен белгілі. Бұл бастамалар сауда жолдарын қысқартып, құрлықтарды байланыстырып, жаһандық өзара байланыстылықты арттыруға үлес қосып келеді. Энергетикалық ынтымақтастық та негізгі бағыттардың бірі. Әзербайжанның теңіздегі жел электр жобалары мен Жасыл дәліз серіктестігі біздің елдеріміздің тұрақты даму жолында көшбасшылыққа ұмтылысын айқын көрсетеді, — деді Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы.
Экономикалық тұрғыдан алғанда да көрсеткіштер жаман емес. Жалпы ішкі өнімі 2,1 триллион доллардан асатын Түркі мемлекеттері бүгінде жаһандық экономикалық күшке айналды. ТМҰ ішіндегі өзара сауда 3%-дан 7%-ға дейін өсті. Түркі сауда-саттық палаталары одағы мен Президент Ильхам Әлиев ұсынған Түркі инвестициялық қоры сияқты басьамалар миллиондаған кәсіпкерлердің басын қосып, өңіріміздегі шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашты.
Габалаға қарай: Өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік
2025 жылғы 7 қазанда Мемлекет басшылары кеңесінің 12-ші саммиті Әзербайжанның Габала қаласында «Өңірлік бейбітшілік және қауіпсіздік» тақырыбымен өтеді.

— Бұл саммит — тарих пен қазіргі заманның түйіскен тұсында орналасқан көне Әзербайжан қаласында жаңа кезеңнің басталуын білдіретін символдық әрі тарихи сәт болмақ. Мақсатымыз — жоғары, іргеміз — берік. Әзербайжанның геостратегиялық орны, саяси салмағы және экономикалық әлеуеті Ұйымымызды халықаралық аренада дамудың жаңа сатысына шығару үшін қолайлы жағдай жасайды. Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік процесін алға жылжытқан Вашингтон келісімдері аясында Саммиттің тақырыбы бүкіл өңір үшін тарихи мәнге ие. Президент Ильхам Әлиевтің сөзімен айтсақ: «Түркі мемлекеттері ұйымы — біздің басты халықаралық ұйымымыз. Бұл — біздің отбасымыз. Түркі әлемі — біздің отбасымыз. Біздің басқа отбасымыз жоқ.» Біздің жолымызды айқындайтын — дәл осы ортақ тағдыр санасы. Бішкектен Габалаға дейінгі және одан кейінгі сапарымыз осы рухпен жалғасын табады. ТМҰ өңірімізде және әлемде бірлікті нығайтып, ынтымақтастықты тереңдетіп, бейбітшілік пен өркендеудің қозғаушы күшіне айнала береді, — деді Омуралиев.
Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев Қырғыз Республикасына белсенді әрі нәтижелі төрағалығы үшін алғыс айтты.
— Қырғызстанның жетекшілігімен жүзеге асқан бастамалар ортақ мақсат-бағдарымызды айтарлықтай ілгерілетті. Габала саммитін және Әзербайжан Республикасының төрағалығын асыға күтеміз! Ортақ бағыт-бағдарымызбен қуаттанып, ТМҰ саяси диалогты тереңдетуді, экономикалық байланыстарды кеңейтуді, мәдени және ғылыми алмасуды дамытуды және өңірде де, жаһандық деңгейде де бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеудің құрылымды күші болуды жалғастыра береді, — деп түйіндеді Бас хатшы.
Айта кетейік, 6-7 қазанда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммиті өтеді. Мұнда мемлекет басшылары саяси ұсынысын айтып, түркі мемлекеттерінің ортақ мәселелерін талқыламақ. Талқы алаңында не айтылуы мүмкін, ұйым құрылғалы нендей нәтижеге қол жетті? Kazinform-ның аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге сауалдарға жауап іздеді.
Осыдан бұрын Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев құттықтау хатында ұйымның осы уақыт аралығында жеткен зор жетістіктері мен даму бағыттарына тоқталды.