«БТА банк» АҚ филиалының басшысы валюталық операциялар ережесін бұзғаны үшін жазаланды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда валюталық операциялар ережесін бұзғаны үшін «БТА банк» АҚ филиалының басшысына 185 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлады ҚР Ұлттық банк филиалының директоры Дәуренбек Мәжитов.
«Өкінішке орай, үш банкте белгілі бір бұзушылықтар орын алған. «БТА банк» филиалы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, оның басшысына 185 мың 200 теңге көлемінде айыппұл салынды», - деді бүгін облыс әкімдігінде өткен мәжілісте Д. Мәжитов.
Ол доллар бағамы үшін 2 теңгеге маржа бойынша нормативтің сақтамағандығын айтты. «Олар жазаларына келіспей, қарсылық білдірмекші», - деді Ұлттық банк филиалының директоры.
Сонымен қатар, оның айтуынша, анықталған бұзушылық фактілер бойынша «Қазкоммерцбанк» пен «Дельта Банк» банктеріне қатысты материалдар ҚР Ұлттық банктің бас кеңсесіне жіберілген. Тиісті шешімді Валюталық операциялар департаменті қабылдайтын болады.
«Бүгін облыс бойынша жалпы екінші деңгейлі банкті қоса алғанда, 278 айырбастау пункттерінің 225-і (теңгенің бағамын түзеткеннен кейін) тексерілді. Олардың көпшілігі жұмысты адал жолмен істеген», - деп атап өтті Д. Мәжитов.