«БТА Банк» АҚ Франция сотының Әбіләзовті экстрадициялау туралы шешімін құптайды
АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстанның «БТА Банк» АҚ Франция сотының Әбіләзовті экстрадициялау туралы шешімін құптайды. Бұл туралы аталмыш банктің таратқан баспасөз баянында келтірілген. Еске сала кетейік, Франция соты бейсенбі күні экс-банкир Мұхтар Әбіләзовті Украинаға не болмаса Ресейге экстрадициялау туралы шешім қабылдап, негізінен басымдық ресейлік тарапқа берілетіндігін жария еткен болатын. Осылайша, Француз соты өткен жылдың 12 желтоқсанындағы прокуратураның екі елдің біріне экстрадициялау туралы талабына қолдау білдірген еді.
БТА Банкі өкілдерінің айтуынша, бұндай шешім кезінде басқарма төрағасы лауазымында болған Әбіләзовтің заңсыз иеленіп кеткен 6 млрд. долларға жуық қаражатты құрайтын активтерін қайтаруға сенімді арттыра түседі. Бұл ретте БТА банктің Лондондағы заңгер-кеңесшісі, банктің Hogan Lovells компаниясындағы әріптесі Крис Хардман былай мәлімдейді: «Әбіләзовті оның бірқатар алаяқтық істеріне қатысты сот алдында жауап беруі үшін экстрадициялау туралы шешім БТА Банктің өз активтерін қайтарып алу мақсатындағы жұмсап жатқан күш-жігеріне аз болса да жәрдем бола алады. Сонымен қатар, экстрадиция шындығында Әбіләзовтің құқыққа қайшы әрекеттері арқылы заңсыз жолмен алған қаражаттарын одан әрі «жылыстатуын» жалғастыруына айтарлықтай шектеу салады. Бұл сондай-ақ, Әбіләзовтің саяси себептермен қудаланып отырған тұлға ретіндегі бетпердесінің негізсіз екенін тағы да айғақтайды. Одан бар-жоғы БТА банк пен оның кредиторларынан ұрланып әкетілген миллиардтаған доллар үшін жауап беру талап етіліп отыр».
Ал БТА Банктің Франциядағы заңгер-кеңесшісі Антонин Левидың айтуынша, соттың бүгінгі шешімі Ресей мен Украина құқық қорғау органдарының экстрадиция туралы сұрау салуының, сондай-ақ БТА Банктің Әбіләзовке қатысты талаптарының қисынды болғанын растай түседі. «Француз соты Әбіләзовке қарсы айыпты оны экстрадициялануын нақтылау үшін жеткілікті түрде салмақты деп санап отыр. Бұндай шешімге Әбіләзов шағымдана ма, жоқ па, оның еш мәні де болмас. Өйткені, ондай шағым тек процессуалдық мәселелерді ғана қамтымақ және Әбіләзовті экстрадициялау жағдайына немесе Банктегі ұрланған миллиардтарға қатысты іске қандай да бір әсері болмайтыны белгілі», - дейді Антонин Леви.
Еске салсақ, БТА Банкі Директорлар кеңесінің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы М. Әбіләзов 31 шілде күні Францияда ұсталған болатын. Банкирді беруді Ресей, Украина және Қазақстан құқық қорғау органдары талап еткен еді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан мен Франция арасында экстрадициялау туралы келісім жоқ.