«БТА банк» АҚ-ның бұрынғы Басқарма төрағасы Роман Солодченкоға іздеу жарияланды

АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «БТА банк» АҚ-ның бұрынғы Басқарма төрағасы Роман Солодченкоға іздеу жарияланды. Оны бүгін Алматыда ҚР Бас прокурорының тергеу тобын басқару жөніндегі көмекшісі Сәкен Ықсанғалиев мәлімдеді,

«БТА банк» АҚ-ның бұрынғы Басқарма төрағасы Роман Солодченкоға іздеу жарияланды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аса маңызды және күрделі қылмыстық істерді тергеудің қалыптасқан тәжірибесіне сәйкес, «БТА банк» АҚ-дағы ұрлау фактілеріне қатысты қылмыстық іс бойынша арнайы прокурор басшылық ететін ведомствоаралық тергеу тобы құрылған болатын. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қаржы полициясы агенттігі және Ішкі істер министрлігінің тергеушілері еніп отыр. Бұрын хабарланғандай, «БТА банкі» АҚ-ның Директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовқа, осы банктің несиелік комитетінің бұрынғы төрағасы Жақсылық Жарымбетов пен өзге де тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 176-шы бабымен сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иеленіп кету фактісі бойынша іс қозғалған болатын. Наурыздың 21-інде бұл тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 35-ші бабының 4-ші бөлігімен және 193-ші баптың 3-ші бөлігімен ұйымдасқан қылмыстық топ құру және заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған. «Қазіргі уақытта тергеу М. Әблязов бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі қатысушыларын, «БТА банк» қаражаттарын ұрлаудың негізгі нобайларын, қылмыстық топтың ішіндегі рөлдердің жіктелімін және ұрлау мақсатында арнайы құрылған фирмалар мен банктен миллиардтық сомаларға ірі несиелер алған компанияларды анықтады. Әблязовпен байланысқан фирмалардың тек бір тобына ғана 1 миллиардтан астам сомаға несиелердің берілгендігі белгілі болды. Тергеу барысында тергеуден жасырынған топқа іздеу жарияланып, оларға адвокаттарының қатысуы кезінде, Банктің қаражаттарын ұрлау бойынша айып тағылды», дейді Сәкен Ықсанғалиев. Оның айтуынша, наурыздың 12-сінде мемлекеттік іздеу жарияланған тұлғалар арасында банктің директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов, несиелік комитеттің бұрынғы бастығы Вероника Ефимова, банктен несие алған Әблязовпен байланысты фирмалар тобының басшысы Болат Кәрімов және басқа да тұлғалар бар. Наурыздың 21-інде ұрлауға қатыстылығы анықталғандығына байланысты банк басқармасының бұрынғы төрағасы Роман Солодченкоға да іздеу жарияланды. Оларды іздестіру шарасына енді Интерпол да тартылмақ.