БТА банк ісі: Мәскеудегі былықтар және Әбілязовтің Грузия «сапары»

Мәскеудегі былықтар
2008 жылы оның нұсқауымен «бір күндік» мақсат үшін құрылған «Bervich Holding Sarl» компаниясына 250 миллион АҚШ доллары көлемінде несие беріледі. БТА банктің несие комитеті «Bervich Holding Sarl» компаниясының несиелік өтімін ешқандай кедергісіз мақұлдайды. Несиенің мақсаты - Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Мытищин ауданындағы коттедждер қалашығын салуды қаржыландыру деп көрсетеді.
Виргин аралдарында орналасқан компания Мәскеу маңындағы коттедждер қалашығын қаржыландырады дегеннің өзі ақылға сыймайды. Бірақ «Bervich Holding Sarl» компаниясына миллиондаған несиелерді берерде банк қызметкерлері ештеңеге басын қатырмаған. Сонымен қатар, несие комитетінің мүшелерінің ешқайсысы қарыз алушының өкілі ретінде көрсетілген Люксембургтегі әлдебір Manacor атты мырзамен байланыс орнатпаған. Тергеудің болжамынша, мұндай адам өмірде жоқ.
Тура осыған ұқсас кестемен Мұхтар Әбілязов «Highbond Associated LTD» оффшорлық компаниясына да несие беру арқылы БТА банктен тағы да 110 миллионнан астам АҚШ долларын жымқырыпты. Бұған дейінгі эпизодтан бір ғана айырмашылығы, бұл жолы несиенің мақсаты Ресей Федерациясының Мәскеу облысындағы Домодедово ауданынан жер телімін сатып алуға «Русская недвижимость» ЖАҚ-ын қаржыландыруға жұмсалады деп көрсетілген.
Әбілязовтің Грузия «сапары»
Жалпы алғанда, грузиндік жобалардың нәтижесінде Әбілязов пен оның сыбайластары 300 миллион АҚШ долларын ұрлағаны мәлім болды. Бұл жолғы қаржылық құйтырқылықтар Әбілязовтің бұрынғы қылмыстық кестесімен іске асырылған. Әуелі «бір күндік» компанияның атына құжаттар дайындалады, кейінірек несие желісі ашылады. 2007 жылы «Medea Hotel Company B.V.» компаниясының атынан «Медея» қонақ үйінің құрылысына және айналымдағы қаражатты толықтыру үшін 42,5 миллион АҚШ доллары көлеміндегі несиелік желі ашылады. Банктің несие комитеті бұл соманы 69 миллион долларға дейін өсіреді. Ақша ұрланады, бірақ ешқандай қонақ үй салынбайды.
Әбілязов Грузияның біріккен телекоммуникациялық компаниясының жарғылық капиталының үлесін сатып алу деген желеумен БТА банктен 125 миллион доллар жымқырған. Әрине бұл жобалармен де шектелмеген. Аз уақыттың ішінде тағы да бес жобаны қаржыландырады. «Geogia tourists B.V.» компаниясы жер телімдерін сатып алу үшін 3 миллион АҚШ долларын несиеге алады. Батуми қаласында «Месхети» қонақ үй-тұрғын үй кешенін салуға «Kolhida Invest B.V.» компаниясына тура 4 миллион АҚШ доллары берілген. Сондай-ақ, «Tbilisi Hotel Holding B.V.» компаниясына Грузияда жылжымайтын мүлік сатып алу мақсатымен 56 миллион доллар несие берілген. Бұдан бөлек «Batumi Rivera B.V.» компаниясына жер учаскесін сатып алуға және нысандарды жартылай салуға 10 миллион АҚШ доллары көлемінде несие аударылады.
Сөз түйіні
«БТА банк ісі» бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органы 8 жыл бойы үздіксіз тергеу жүргізді. Сот органы екі айдан астам уақыт осы қылмыстық істі бүге-шігесіне дейін қарады. Бүгін 2 224 томнан тұратын «БТА банк ісіне» нүкте қойылды. Әділетті сот Әбілязов пен оның сыбайластарынан бірдей тәртіппен 151 миллиард 453 миллион 415 мың теңге өндіріп алуға қаулы шығарды. Бұл - Әбілязовтің қылмыстық қауымдастығының құрбаны болған халықаралық қаржы институттары мен қарапайым салымшылардың қайтқан қаражаты. «Қайтқан малда қайыр бар» дейді халқымыз.