БТА Банкі қарызды басқарудың кредиторлармен келісілген бағдарламасы қабылданғанға дейін өз міндеттемелері бойынша негізгі қарыздарды төлеуді тоқтатады
АЛМАТЫ. Сәуірдің 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - БТА Банкі қарызды басқарудың кредиторлармен келісілген бағдарламасы қабылданғанға дейін өз міндеттемелері бойынша негізгі қарыздарын төлеуді тоқтатады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін «БТА Банкі» АҚ-ына бірнеше кредитордан сыртқы борыштарды мерзімінен бұрын қайтару жөнінде талап келіп түскен болатын. БТА өзінің барлық кредиторларға тең дәрежеде қарайтынын, сондай-ақ қарызды жабу олар белгілеген мерзімге сәйкес жүзеге асырылатынын бірнеше мәрте және дәйекті түрде мәлімдеген еді. Банктің өзінің қарыздық міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындауы туралы талап алуына байланысты БТА Банкі қарыздың негізгі төлемдерінің барлық түрлерін, оның ішінде төлеу мерзімі жеткендерін де тоқтату жөнінде шешім қабылдады. «Бұл шара Банк барлық кредиторлармен және инвесторлармен ағымдағы борыштарды басқарудың негізделген, мөлдір және тиімді бағдарламасын келісіп, оны жүзеге асырғанға дейін өз күшін жоймайды. Бұл қадамға БТА Банкі барлық кредиторлармен бейтарап қарым-қатынасты қамтамасыз ету үшін барып отыр», - делінген БТА банкі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Олардың мәліметінше, БТА Банкі өзінің қаржылық міндеттемелерін, сондай-ақ банктің қалыпты қызметін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар басқа да төлемдерді төлем мерзімдері келген кезде пайыздық үстемелер қосып төлеуді жалғастырады. «БТА Банкі инвесторлармен барынша жемісті диалог құруға ұмтылады, - деп атап өткен «БТА Банкі» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Сәйденов. «Бірақ соңғы күндергі оқиғалар бізге басқа жол қалдырмай отыр. Бір кредитордың борыштарды тез арада қайтару туралы талабы басқалардың да осындай шарттар қоюына құқық береді. Банктің өзінің барлық сыртқы борыштарын бір сәтте қайтарып тастауға мүмкіндігі жоқ, соған байланысты біз өзіміздің қаржылық кредиторларымызға негізгі борыштарды төлеуді тоқтатамыз».