«БТА ипотека» борышкерлерге арналған жеңілдіктер бағдарламасын жалғастырады
АЛМАТЫ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - «БТА ипотека» АҚ-ы төлем қабілеті төмен борышкерлерге жеңілдіктер бағдарламасын жалғастырады.
Бұл туралы бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген компания басшылығы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Компанияның президенті Сағындық Құсайыновтың айтуынша, өткен жылы компания тарапынан борышкерлерге төлем мерзімін шегеру, несиелеу мерізімін ұзарту, жеңілдік мерзімін ұсыну, мемлекеттік бағдарлама аясында қайта қаржыландыру, үйді жалдау сынды жеңілдіктер ұсынылған. Бұның нәтижесінде проблемалы несие қоржынының үлесі 4 пайызға азайып, жалпы несие қоржынының 18 пайызын құраған. Сондай-ақ өткен жылы 19 миллиард теңгелік ипотекалық қарыз бойынша 2 мыңнан астам борышкердің қарызын қайтару кейінге қалдырылған. 5 миллиард теңгеден астам мөлшердегі несиесі бойынша үстемақы алынып тасталған. Сонымен қатар компания тарапынан Жылжымайтын мүліктер әлеуметтік қоры құрылған. Бұл бағдарлама ипотекалық несиесі жалғыз үймен қамтамасыз етілген, төлем қабілеті төмен, 1,2 топ мүгедектері мен көпбалалы отбасыларға арналған. Бағдарлама бойынша борышкер үйдің коммуналдық ақысын ғана төлеп, 18 ай тегін тұру мүмкіндігіне ие.
«Біз несие төлеуге қатысты қиындыққа кезіккен кез-келген тұтынушыға аталған бағдарламалар аясында көмек көрсетуге дайынбыз. Бұл бағдарламалар биыл да жалғасын табады», дейді Сағындық Құсайынов.