Бублик Атланта турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады - теннис

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Александр Бублик Атланта (АҚШ) ATP турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бублик Атланта турнирінің алғашқы айналымынан аса алмады - теннис

Рейтингте 71-орында тұрған А.Бублик бірінші айналымда әлемнің 57-ракеткасы, америкалық Рейлли Опелкамен кездесті.

Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте америкалық теннисші брейк жасап, бой бермей кетті – 6:3.

Екінші сетті Опелка бірден брейкпен бастады – 2:0. Дегенмен А.Бублик қарымта қайырумен бірге өзі алға шықты – 4:3. Ақыры тай-брейкке ұласып, онда америкалық спортшы жеңіске жетті – 7:6 (7:1).

Бәсеке 1 сағат 21 минутқа созылды.

Опелка ширек финалға шығу үшін осы жарыстың бірінші, әлемнің 14-ракеткасы, отандасы Джон Изнермен шеберлік байқасады.

А.Бублик өткен жексенбі күні Ньюпорт турнирінің финалында дәл осы Д.Изнерден ұтылған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Юрмала турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.