Бублик Мадридте өткен жылғы чемпионды ұтып, төртінші айналымға өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 75-ракеткасы Александр Бублик Мадрид (Испания) мастерс турнирінің төртінші айналымына шықты.

Бублик
Фото: instagram.com/bublik

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 8-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевпен бақ сынасты.

Теннисшілердің екеуі де 27-де, олар жасөспірім кезінен бір-бірін жақсы біледі.

Бірінші партияда Бублик шеберлік танытты — 6:4.

Екіншісінде Рублев артығымен есе қайырды — 6:0.

Шешуші, үшінші сетті қазақстандық спортшы жеңіспен түйіндеді — 6:4.

Бір сағат 22 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 10 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін мүлт жібермеді. Рублев 12 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті. 

Александр Бублик ширек финалға шығу үшін америкалық, әлемнің 13-ракеткасы Бен Шелтон немесе рейтингіде 23-орындағы чехиялық Якуб Меншиктің біреуімен таласады.

Өткен жылы Мадрид мастерс жарысында А.Рублев чемпион атанса, А.Бублик төртінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар