Бублик Вена турнирінің ширек финалында әлемнің 1-ракеткасымен кездесуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Александр Бублик Вена (Аустрия) ATP 500 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 8-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 21-орында тұрған аргентиналық Франсиско Серундоломен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда Бублик 6:4 есебімен басымдылық танытты. Ол екінші сетте қарқынын үдетті – 6:2.
Бір сағат 6 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 11 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін құр жіберген жоқ. Серундоло 4 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін италиялықтар, әлемнің 1-ракеткасы Янник Синнер немесе рейтингіде 22-сатыдағы Флавио Коболлидің қай жеңгенімен таласады.
А.Бублик қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 15-орынға көтеріліп тұр. Бұл оның жеке рекордтық көрсеткіші болмақ.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 76-ракеткасы Юлия Путинцева Гуанчжоу (Қытай) WTA 250 турнирінің екінші айналымында рейтингіде 96-орындағы германиялық Элла Зайдельден жеңіліс тапты – 3:6, 2:6. Сөйтіп ол ширек финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Токио турнирінің ширек финалына жолдама алғанын жазған едік.
Сондай-ақ Бубликтің Алматыда ойнамай, артынша басқа турнирге қатысқаны жөнінде федерация жауап берді.