Бұдан 3 жылдан астам уақыт бұрын жөндеуге жабылған БҚО театры қашан ашылады
ОРАЛ. KAZINFORM — Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының күрделі жөндеуге жабылғанына үш жылдан асты.
Аталмыш жұмыстың осыншама уақытқа созылуы жұртшылық тарапынан жиі сынға ілініп келеді.
Kazinform тілшісі тиісті мекемелерге жолығып, мәселенің жай-жапсарын анықтап көрді.
БҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Медхат Қамбетовтің мәлім еткеніндей, мемлекеттік сатып алу бойынша ашық конкурстың қорытындысы 2023 жылы 18 сәуірде шықты. Соған сәйкес 2023-2024 жылдарға арналған құрылыс-жөндеу жұмыстарын орындау үшін жалпы сомасы 737,7 млн теңгеге «Өркен-Сервис» ЖШС-мен шарт жасалды.
Оның сөзіне қарағанда, жобаны іске асыру барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мердігерде тиісті лицензияның болмауына байланысты шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен сотқа жүгінді.
Сот талқылауы алты айға созылып, соның нәтижесінде нысандағы құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Облыстық соттың 2024 жылғы 10 сәуірдегі қаулысымен тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы шарт бұзылды.
Айта кету қажет, жоба 2021 жылы әзірленген. Алайда 2024 жылғы маусымда жобалау-сметалық құжаттаманың қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты жаңа құжаттама әзірлеу қажеттілігі туындады.
Театр ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылғы маусымда қайта басталды. Бас мердігер болып «Күмбез» ЖШС белгіленді. Жаңа жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жобаның жалпы құны 2,16 млрд теңге болды. Бүгінгі күнге дейін 1,36 млрд теңге игерілді. Қазіргі уақытта нысанның дайындығы – 83 пайыз.
- Қалған негізгі жұмыстар – көрермендер залына паркет төсеу және балкон қоршауларын орнату. Бұған қаражат бөлінді. Қажетті жабдықтар мен құрылыс материалдары нысанға жеткізілген бойда монтаждау және орнату жұмыстары жүргізіледі. Жасалған шартқа сәйкес күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау 2026 жылғы желтоқсанға жоспарланған. Жобаның іске асырылу барысы Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында, - дейді М.Қамбетов.
Басқарма деректеріне сәйкес ғимараттың жөнделуі кезінде театрдың шығармашылық жұмысы тоқтаған жоқ. Қойылымдар А.Островский атындағы орыс драма театрында, облыстық халық шығармашылығы мен «Әділет» партиясының залдарында, «Зенит» мәдениет үйінде өткізілді.
Үш жыл ішінде 535 спектакль қойылып, 11 премьера өткізіліп, 77 750 көрермен қамтылды. Сонымен қатар театрдың Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Петропавл мен Қырғызстанның Бішкек қаласына гастольдік сапарлары ұйымдастырылып, ұжым 8 республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысты.
Театр директоры Нұржан Тасболатовтың нақтылауынша, жаңа маусымға дайындық жұмыстары ғимараттың ішінде жүргізілуде.
- Театр әртістері қыркүйек айынан бері жоспарға сәйкес аудандарда, қаланың өзіндегі оқу орындарында спектакльдерін қойып жүр. Жаңа маусымды өз театрымызда ашуды көздеп отырмыз. Оған қоса Алматы қаласында «Алатау» дәстүрлі өнер театрының 10 жылдығына орай 15-20 қарашада өтетін республикалық фестивальге шақырту алдық. Алматы көрермендеріне жазушы Сайымжан Еркебаевтың «Гүлге ұмтылған екеу» драмасын ұсынбақшымыз, - деді Н.Тасболатов.
Батысқазақстандық жазушы, «Парасат» орденінің және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дариға Мұштанова театр қайта пайдалануға берілсе, бұл көрермендер үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді.
- Театрдың жөнделуі «қазанның түбіне тас түсіп кеткендей» болды ғой. Бұл жерде мен халық пен театрдың бірлігін көрдім. Әртістер тентіреп жүріп те жаңадан қойылымдарын қойды.
Көрермендер де қолдап, қай жерде спектакль болса, сол жерден табылды. Осы уақыт ішінде театрдың табандылығы мен өнерге деген адалдығы ұжымның бәсін көтере түскендей болды.
Енді театрда қанша қойылым болса, біреуін де қалдырмай көруге бейілміз. Соны асыға күтіп жүрміз, - деді Д.Мұштанова.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қазақ театрын жөндеуге 1 млрд теңгеге жуық қаржының артық қаралғаны анықталғанын жазған едік.