Бұдан әрі ыстық күшейе түседі: ғалымдар Күннің бұрын-соңды болмаған белсенділігін тіркеп отыр

АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат - Биылғы жаздағы ауа райының тосын мінезі Күннің ұйқыдан оянуымен байланыстырылуда.

Бұдан әрі ыстық күшейе түседі: ғалымдар Күннің бұрын-соңды болмаған белсенділігін тіркеп отыр

ИТАР-ТАСС-тың британдық New Scientist ғылыми апталығына сілтеме жасап хабарлауынша, әлемнің жетекші астрофизикалық обсерваториялары тамыздың 1-інде күн бетінде екі алып алау жарқ ете түскенін байқаған. Олардан екі қуатты жарылыс пайда болып, аса күшті энергия шығарған. Мамандар мұны нағыз ғарыштық цунамиға теңеп отыр, деп хабарлайды РБК агенттігі.

Күннің әдеттегіден тыс 9 жылдық кезеңдегі тыныштығынан кейін оның аяқ астынан белсенділігі күрт өсіп кетті. Жағдайдың әдеттегіден тыс болуы, ғалымдардың айтуынша, Күннен таралған ыстық сәуле ағыны Жерге қарай бағытталған. Алғашқы қуатты күн энергиясы біздің ғаламшарымызда тамыздың 4-інде болды.

Ғалымдардың айтуынша, алдағы бірнеше тәулікте тағы да жаңа қуатты күн энергиясы толқындарының келуі күтілуде. Осы цунамимен бетпе-бет келген әлем аймақтары мен елдерінде табиғи катаклизмдер пайда болуы мүмкін.

Ресей Гидрометеоорталығының болжамдарына қарағанда, таяудағы күндерде бірқатар аймақтарда табиғаттың мұндай тосын мінезі сақталады.

Ресей астанасындағы жағдай күрделі болып қалуда - аймақты тағы да өрттен таралған ыс тұмшалап алды. Тамыздың 6-сында Мәскеудегі ауа райында зиянды заттардың шоғырлануы қалыпты жағдайдан бірнеше есе арта түсті. Атап айтқанда, ауадағы түтін иісі нормадан төрт есе жоғары, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.

Әсіресе Мәскеудің шығысы мен оңтүстік-шығысындағы экологиялық жағдай күрделі. Бүгін мұнда шамалы жаңбыр жауып өтті, бірақ та жағдайды түбегейлі өзгерте алған жоқ.

Мәскеудің көптеген аудандары түтінге тұмшаланса да, зиянды заттардың шоғырлануы рекордтық көрсеткішке жеткен тамыздың 4-індегі жағдайға қарағанда бәсең. Экологтар көшеге шыққанда суланған мақта-дәкенің көпқабатты тұмшалары арқылы демалуға кеңес беруде.