Бізге Канада керек емес, ал Канадаға АҚШ қажет – Трамп
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Канаданы АҚШ-тың 51-штаты ету туралы ұсынысын тағы да айтты. Бұл туралы Вашингтондағы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Ақ үй басшысының YouTube-те жарияланған мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аризона штатындағы Буллхед-Сити қаласында жақтастарының алдында сөз сөйлеген Дональд Трамп Канаданың тарифтік саясатын сынға алды.
— Канада бізге бұрыннан бері әділетсіздік жасап келеді, бірақ енді бәрі өзгереді. Олар тарифтер арқылы бізді қанап, тауарларымызға баж салығын салды. Алайда бұл туралы жақ ашпайды. Олардың мұндай әрекетіне бұдан былай төзбейміз, — деді Дональд Трамп.
Дональд Трамп АҚШ-тың Канадаға қолдау көрсетуге шамадан тыс қаржы жұмсап отырғанын алға тартып, Канаданы АҚШ-тың 51-штаты ету идеясын ұсынды.
— Түптің түбінде Канада АҚШ-тың 51-штаты болады. Өйткені бұл — мәселені шешудің жалғыз жолы. Бізге Канада керек емес, ал Канадаға АҚШ қажет. Ендеше, өз құрамымызға кірмейтін елді қолдауға жыл сайын 80-90 миллиард доллар жұмсаудың не қажеті бар? — деді Дональд Трамп.
Еске салайық, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп болашақта Канаданың АҚШ құрамына кіретініне сенімді екенін мәлімдеген еді.