Бұдан былай шетелге көшіп кеткен азаматтарға МӘМС аясында дәрі-дәрмек рәсімдеу мүмкін емес

АСТАНА. KAZINFORM – Жоғары аудиторлық палатасы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижелерін жариялады.

дәрі
Фото: Pixabay

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға МӘМС бойынша дәрі-дәрмек ресімдеу мүмкіндігін болдырмау үшін ақпараттық жүйесін жетілдірді. Бұл жұмыс палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілген.

«Мұндай жағдайлар биыл жазда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен оның өңірлік филиалдарының тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізу барысында анықталды. Осыған байланысты Жоғары аудиторлық палата министрлікке шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Бүгінгі күні «Бекітілген халық тіркелімі» ақпараттық жүйесі шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарды медициналық мекемелерден есептен шығару үшін «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан тікелей мәлімет алады. Денсаулық сақтау министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде биыл 24 қазаннан бастап осындай мәртебесі бар пациенттерге рецепт беру тоқтатылды», — деп түсіндірді ведомстводан.

Осылайша, Жоғары аудиторлық палата нұсқамасының тармақтарының бірі орындалды. Қалған тапсырмалардың іске асырылуы бақылауда қалады.

Соңғы жаңалықтар