Бұдан былай ауылдан шықпай-ақ банктен депозит ашуға болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен «Қазпошта» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында банк түгілі, ауыл әкімдігінің ғимараты жоқ ауылдарға Халық банкінің бірнеше қызмет түрлері көрсетілетін болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Қазпоштаның қызметкерлері банк қызметтерін көрсету бойынша оқытылатын болады. Бұған қоса IT мамандар қызмет түрлерін кеңейту бағытында жұмыс жүргізеді. Мәселен, ауыл тұрғыны Қазпошта бөлімшесіне барып, IT жүйесі арқылы депозит ашып, қорына ақша толтыра беруге болатындай жағдай жасауды көздейміз», - дейді «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова.

Меморандумға енді ғана қол қойылғандықтан, екі жақты жұмысты ретке келтіруге уақыт керек. Шалғайдағы ауыл тұрғындарына Қазпошта бөлімшелері арқылы банк қызметін көрсету жұмыстары шамамен күздің соңына қарай басталады.

Несие алғысы келген ауыл тұрғындары Қазпошта бөлімшесіне барып, өз атынан несиеге өтінім бере алатындай жағдай жасалмақ. Сондай-ақ, ниет білдіргендерге Қазпоштадан төлемдерді жүргізу, ақша аудару, кредит беру, өтінім берілген карточкаларды жеткізу қызметтері көрсетіледі.

Еске сала кетсек, Астанада бүгін «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен «Қазпошта» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Қазпоштаның 3500 бөлімшесінде банк қызметтері көрсетілетінін мәлім еткен.

Айта кетерлігі, Қазпошта клиенттерінің 70 проценті ауыл тұрғындары болып табылады.

Соңғы жаңалықтар