Бұдан былай жолаушылар пойызға автоматты жүйе арқылы отырғызылатын болады
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы бүгіннен бастап елімізде жолаушылар тасымалдайтын пойыздарға жолаушыларды отырғызуды автоматты түрде жүзеге асыратын жүйе енгізді.
Бұл туралы бүгін аталмыш жүйенің таныстырылымы барысында «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының Даму басқармасының бастығы Алмас Айтбаев мәлім етті.
Оның айтуынша, жаңадан енгізіліп отырған жүйе жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау үшін қолға алынып отырған инновациялық жоба. «Енді өз еркімен интернет арқылы немесе төлем аппараттарынан билет рәсімдеген жолаушылар пойызға жеке куәлігі мен токенін көрсетіп-ақ отыра береді. Бұл жүйе билеттерді электронды жолмен сату жүйесі мен адам факторын азайту мақсатында қолға алынған. Жобаны әзірге тек «Алматы-Астана» бағыты бойынша жылжитын «Тұлпар» пойызына енгізуге мүмкіндік туып отыр. Алдағы уақытта біз еліміздегі өзге де пойыздарды осындай жүйемен қызмет етуге ыңғайлаймыз», - деді басқарма бастығы.