Будапеште Қазақстан Президенті Н. Назарбаев туралы өмірбаяндық кітаптың тұсаукесері өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Венгрияның астанасы Будапешт қаласында 28 сәуір күні Махмұт Қасымбековтің венгр тілінде жарық көрген «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» деп аталатын кітабының таныстырылымы болып өтті.

Будапеште Қазақстан Президенті Н. Назарбаев туралы өмірбаяндық кітаптың тұсаукесері өтті

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Тұсаукесер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Венгрияға алдағы осы жылдың маусым айының басында жасалатын ресми сапарына орайластырылды.

Бұл кітапты Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен қызметін ресми тарихи-ғұмырнамалық зерттеудің алғашқы тәжірибесі деуге болады. Мұнда оның қарапайым ауылдағы жасөспірім кезінен бастап, ұлт көшбасшысына дейінгі өмір жолы баяндалады.

Басылымда басты назар Н.Ә.Назарбаевтың саяси өмірбаянына аударылған, ол Қазақстанның ХХ-ХХІ ғасырлар аралығындағы дамуы кезінде болып өткен драмалық және әдеттен тыс оқиғалар мен процестердің аясында берілген.

Ауқымды мұрағат материалдарының негізінде әзірленген өмірбаян Қазақстанның ең бертінгі тарихы бойынша елеулі құжаттама көзі болып табылады. Кітапта фотосуретпен безендірудің бай материалдарымен бірге, жеке құжаттардың түпнұсқаларымен теңдес көшірмелері алғаш рет ұсынылады. Ал мұның өзі оқырманның суреттелетін оқиғалар ауанына толығырақ қанығуына септігін тигізеді.

Бұл басылымға оның авторы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұт Қасымбеков екені туралы дерек ерекше құндылық береді, ол көп жылдар бойы мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді.

Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, публицистикалық жинақтар, көптеген мақалалар бар.

Қазақстан Президенті туралы ғұмырнамалық кітаптың 2012 жылы жарық көрген сәтінен бастап, тек Отанымызда ғана емес, шет елдерде де қызығушылық тудыруы кездейсоқ емес. Қысқа мерзім ішінде ол орыс, ағылшын және араб тілдеріне аударылып, жарық көрді.

Кітаптың венгр тіліндегі нұсқасы Қазақстан Республикасының Венгриядағы Елшілігінің қолдауымен жарық көрді. Оның Венгрия Ғылым академиясының ғимаратында өткен тұсаукесеріне венгр тарапынан Венгрия Парламентінің Төрағасы Шандор Лежак, Венгрия Парламентінің Дуайені Янош Хорват , Өңірлік даму министрі Шандор Фазекаш, ҚР Венгриядағы құрметті консулы Ласло Хорват пен басқа да ресми адамдар, ғылыми және шығармашылық зиялыларының, Венгриядағы қазақ диаспорасының өкілдері, журналистер мен студенттер қатысты.

Қазақстан тарапынан кітаптың авторы Махмұт Қасымбеков, ҚР Венгриядағы Елшісі Нұрбах Рүстемов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚР Президенті Кеңсесі бастығының орынбасары Бақытжан Темірболат, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасының директоры Мейір Ескендіров қатысты.

Кездесу жылы әрі сенімді пікір алысу жағдайында өтті.Таныстырылымға қатысушылар Қазақстан басшысы туралы венгр тілінде жарық көрген кітап екі достас халықтардың жақындаса түсуі орайындағы тағы бір нақты қадам деген ортақ пікірде болды.