Будапешттегі әлем чемпионатында 12 боксшымыз сүрінбей келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мажарстанда өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында 19 боксшымыздың 12-сі жарыс жолын жалғастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Бокс федерациясының баспасөз қызметі мәлім еткендей 21 тамызда жалауы желбіреген додада 66 мемлекеттен 360 боксшы бақ сынауда.
Іріктеу кезеңінің 4-ші күні 6 қазақстандық боксшы шаршы алаңға шығып, барлығы да жеңіске жетті. Олар: Ермахан Жақпеков (69 кг), Бейбарыс Жексен (56 кг), Рахат Сейітжан (60 кг), Талғат Шәйкен (64 кг), Сағындық Тоғамбай (81 кг) мен Нұрбек Оралбай (75 кг).
Ермахан Жақпеков (69 кг) италиялық Сальватор Каваллароны жеңді. Енді ол жергілікті боксшы Тибор Барбос Константинмен кездеседі.
Бейбарыс Жексен (56 кг) марокколық Абдессамад Аббазды тізе бүктірді. Енді ¼ кезеңінде ресейлік Всеволод Шумковпен бокстасады.
Қазылардың бірауыздан қолдап дауыс беруімен Рахат Сейітжан (60 кг) 1/8 кезеңінде Александр Радионовты (Белоруссия) ұтты, енді жерлесіміз мысырлық Мараван Мамдух Мухаммедқа қарсы шаршы алаңға шығады.
Сағындык Тоғамбай алғашқы кездесуінде ағылшын Кэрол Итауманы жеңді. Енді Виталий Сталченкомен (Украина) бағын сынайды. Талғат Шәйкен (64 кг) 1/8 кезеңінде Ота Джонсомды (США) ұтып, енді кубалық Идалберто Умар Ирибармен (Куба) жұдырықтасады.
Нұрбек Оралбай 1/8 кезеңінде кубалық Эдель Акоста Гарсияны ұтып, енді мексикалық Диего Пачекомен рингке шығады.
Бүгін, яғни, 25 тамыз күні шаршы алаңға шығатын боксшылар: Дамир Тойбай (+91 кг), Еркежан Дәулетжанқызы (57 кг), Жұлдыз Тоикова (64 кг), Махмұд Сабырхан (49 кг) және Майя Бейсебаева (69 кг). Майя Бейсебаева мен Махмұд Сабырхан келесі кездесулерінде жартылай финалға шығу үшін жұдырықтасады.