БҰДСЖ енгізу қорытындылары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде бәсекелестікті дамытуға жағдай жасағанын көрсетті

АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарының басшыларымен жұмыс кеңесін өткізді, онда 2010 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДСЖ) енгізу қорытындылары жасалып, 2011 жылғы міндеттер белгіленді, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

БҰДСЖ енгізу қорытындылары Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінде бәсекелестікті дамытуға жағдай жасағанын көрсетті

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 1113 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін (БҰДСЖ) одан әрі дамытуды көздейді.

Пациенттің жоспарлы емдеуге жатқызу кезінде стационарды еркін таңдау құқығы қамтамасыз етілді. Таңдау құқығын 550 мыңнан астам пациент пайдаланды. Өз өңірінде 94,4 пайыз азамат емделіп шықты, басқа өңірге 2,0 пайыз азамат барды, республикалық клиникаларда - 4 пайыз тұрғын емделді. Емделіп шыққан «қаладан тыс» науқастар үшін медициналық қызметті ұсынушылар 1,2 млрд. теңге сомасына пайда түсірді.

Түпкілікті нәтижеге бағдарланған стационарлардағы емделіп шыққан жағдайға ақы төлеу төсек-орын қорын тиімді пайдалануды арттыруға мүмкіндік берді. Жылдың қорытындысы бойынша 2 874 төсек қысқартылды, 3 790 төсек қажетіне қарай қайта бейінделді, тұрып қалатын төсектер 5,4 пайызға дейін азайды.

Жоғары шығынды стационарлық көмек көлемдерінің 9 пайызға төмендеуі, төсек қорын қарқынды ету денсаулық сақтау жүйесінде қайта инвестицияланған 14,6 млрд. теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Соның арқасында жоғары мамандандырылған медициналық көмек (ЖММК) дами бастады, ерте қалпына келтіре емдеу мен медициналық оңалту технологиялары енгізілді, 2009 жылмен салыстырғанда, күндіз болу төсектерінде пациенттер 2 есе көп емделіп шықты.

БҰДСЖ жағдайында ЖММК тарифтерінің экономикалық тартымдылығы ЖММК-нің өңірлерде дамуын ынталандырды, халықтың қолжетімділігін қамтамасыз етті, республикалық клиникалармен бәсекелестікті құрды. Өңірлерде 1,5 еседен аса кардиохирургиялық операция және алғаш рет 700-ден астам буындарды ауыстыру операциясы жүргізілді.

БҰДСЖ енгізу нәтижесі барлық меншік нысандарындағы медициналық ұйымдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету арқылы денсаулық сақтау жүйесіндегі бәсекелестікті дамыту; пациенттің стационарды еркін таңдау құқықтарын сақтау; медицинада, оның ішінде өңірлік деңгейде жоғары технологияларды дамыту; медициналық ұйымдардың дербестігін арттыру үшін жағдай жасады.

2011 жылы БҰДСЖ-ны одан әрі дамыту стационарлық және стационарды алмастыратын көмекті сатып алуды және ақы төлеуді жетілдіруді; тәуліктік емдеуге жатқызуды 5 пайызға төмендетуді және стационарды алмастыратын көмекті одан әрі дамытуды; ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтары мен өңірлердің медициналық ұйымдарына шетелден жоғары технологиялар трансфертін көздейді. Несиелік қарыздардың (банкроттық) қалыптасуына жол бермеу мақсатында БҰДСЖ тиімділігінің мониторингі үшін алдын ала шешімдер қабылданатын, медициналық қызметтерге ақы төлеудегі тарифтік саясат жетілдірілетін болады.

Одан басқа, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті (МСАК) дамыту үшін 2011 жылы 6 млрд. теңге көлемінде жан басына шаққанда теңестіру, бекітілген халық денсаулығының белгілі бір көрсеткіштеріне жету жағдайлары кезінде 6,7 млрд. теңге сомасында ынталандыру компонентін енгізу, 1,3 млрд. теңге сомасында санитариялық авиация қызметтерін сатып алу жоспарлануда.

Лизингте негізгі құралдарды сатып алу, медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бөлігінде тарифке қосымша компоненттерді енгізу бойынша ілкі жобалар енгізілетін болады.

Аурулардың алдын алу мақсатында қаржыландыру екпінін стационарлық деңгейден МСАК деңгейіне ауыстыру тетігі әзірленетін және енгізілетін болады.

Емдеуге жатқызу бюросы порталымен жұмысты жетілдіру жалғасатын болады.

БҰДСЖ емдеу-диагностикалық процесіне барлық қатысушыларды, оның ішінде пациенттің өзін қамтитындықтан, 2011 жылы халықпен және медициналық жұртшылықпен кең ауқымды түсіндіру жұмысы жалғасатын болады.