БҰДСЖ енгізуге байланысты медициналық көмектің қол жетімділігі шектеледі деген пайымдаулар негізсіз - Денсаулық сақтау министрі

АСТАНА. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бірқатар оппоненттердің Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуге байланысты медициналық көмектің қол жетімділігі шектеледі деген пайымдаулары негізсіз.

БҰДСЖ енгізуге байланысты медициналық көмектің қол жетімділігі шектеледі деген пайымдаулар негізсіз - Денсаулық сақтау министрі

Бұл туралы бүгін елордада өткен Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу қорытындысына және 2011 жылғы міндеттерге арналған республикалық кеңес барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова мәлім етті.

Оның атап өтуінше, стационарларды еркін таңдау мүмкіндігі арқасында медициналық көмектің қол жетімділігі республикалық барлық тұрғындары үшін арта түскен. Жыл басынан бері 550 мыңнан астам адам таңдау құқығын пайдаланған.

Ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда стационарлық және стационар алмастырғыш көмектің жиынтық көлемі шамамен 226 мың оқиғаға артқанын атап өткен министр: «Сондықтан бірқатар оппоненттердің Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізуге байланысты медициналық көмектің қол жетімділігі шектеледі деген пайымдаулары негізсіз», - деді.

Сондай-ақ ағымдағы жылы өткен жылмен салыстырғанда стационар алмастырғыш көмекке тапсырыс берушілердің саны біршама арта түскен. Күндізгі стационарлардың тарифтерінің экономикалық тұрғыдан тартымдылығын қамтамасыз ету де оң нәжиесін беріп отыр. Атап айтқанда, өткен жылмен салыстырғанда есепті кезеңде күндізгі стационарда емделіп шыққан азаматтар саны 2 еседен астам өскен. Ал жүйе аясында ондағы төсек-орын қорын арттыра түсу шығыны мол стационарлық көмектің 9 пайызға төмендеуіне себеп болды.