Бұған дейін 5 рет істі болған күдікті қонағын пышақтап өлтірген
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысы Үштөбе қаласының тұрғыны үйінде өзімен дастархандас болған адамның кеуде тұсына пышақ сұғып өлтірді деген күдікпен ұсталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сәуірдің 26-сынан 27-сіне қараған түні Қаратал аудандық ауруханасының дәрігерлері полицияға хабар түсірген. Олар жер үйлердің бірінен пышақпен азапталып өлтірілген 47 жастағы адамның мүрдесі табылғанын жеткізген. Тәртіп сақшылары оқиға орнынан қанға малынған ас үй пышағын тәркіледі. 52 жастағы үй иесі күдікті ретінде ұсталды. Күдіктінің бұған дейін де түрлі қылмыс жасап, бес рет сотталғаны анықталды», - делінген Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Белгілі болғанындай, мерт болған адам мен күдікті бірге ішімдік ішкен, артынша екеуінің арасында жанжал туындап, оқиға адам өлімімен аяқталған.
«ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, яғни «Адам өлтіу» фактісі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті қамауда. Айғақ заттар тәркіленді. Қажетті сараптамалар тағайындалды», - деп толықтырды ведомствоның баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Талдықорғанда оқушымен жанжалдасқан мұғалімнің жұмыстан кеткенін жазған едік.