Бұған дейін балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 343 мүгедек бала өз отбасына қайтарылды
АСТАНА. 25 маусым. ҚазАқпарат - Бұған дейін балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 343 мүгедек бала тіршілік қарекетін қалпына келтіру ықтималдылығы жоғары деп бағаланып, отбасына қайтарылды.
Бүгін Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысы барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева осылай мәлім етті.
Еске салсақ, комитет отырысында «Қиын өмір жағдайындағы балалар мен жастар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсыну жүйесін өзгерту үшін жағдайлар жасау» мәселесі талқыланған еді.
Жауапты хатшының мәліметіне қарағанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша елімізде әлеуметтік арнаулы қызметтер 87 мыңнан астам қарт адамдар мен мүгедектерге көрсетілген. «Оның ішінде 20 мыңнан астам жарымжан балалар бар. Ал министрлік тарапынан қабылданған шараларға келсек, оның нәтижесі ауқымды. Мәселен, былтырдың өзінде балалар үйінде тұрып жатқан 343 бала өз отбасының ортасына қайта оралды. Олар тіршілік қарекетін толық және ішінара қалпына келтіре алу мүмкіндігіне ие деп бағаланып отыр», - дейді А.Құрманғалиева.