Бұған дейін ұсталған «Бәйтерек Development» АҚ басшылары тұтқындалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы бұған дейін ұсталған «Бәйтерек Development» АҚ басшыларының тұтқындалғанын мәлімдеді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Бұған дейін ұсталған «Бәйтерек Development» АҚ басшылары тұтқындалды

«Астана қ. Алматы аудандық №2 сотының санкциясымен «Бәйтерек  Development» АҚ басқарма төрағасының орынбасары А.Жақыповқа, мемлекеттік-жеке әріптестік дирекциясы департаментінің басшысы Б.Айтымбетовке, бұрынғы және қазіргі басқарушы директорлар Г.Анарбайға Г.Сәриевке, «Project City Group» ЖШС басшылары мен құрылтайшылары  К.Смағұловқа, Б.Есмұхановқа, Е.Жұманазарға және А.Комароваға «тұтқындау» бұлтартпау шарасы тағайындалды», - деп хабарлады Ұлттық бюродан.

Тергеушілер «Бәйтерек  Development» АҚ жүйелі түрде пара ретінде 288 миллион теңге алғанын анықтады.

Еске салайық, «Бәйтерек  Development» АҚ басшылығы аса ірі көлемде пара алу үшін ұзақ уақыт бойы сыбайлас жемқорлық сызбасын қолданып келген. Олар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында аймақтарда жалдамалы баспаналар салу бойынша сатып алулар кезінде құрылыс компанияларының мүддесін қолдап келген. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.