Бұғы көбейіп, құс қонысы кеңейген мекен
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде елімізде кездесетін 488 құс түрінің 309-ы тіршілік етеді. Сонымен қатар омыртқасыздардың 715, аңдардың 59 түрі мекендейді, өсімдіктердің 992 түрі өседі.
27 жыл бұрын әкелінген алты бұғының саны бүгінде қаншаға жетті
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі — Сырдария мен Арыс өзендерінің жайылмасындағы тораңғы ормандары мен Боралдай тау жоталарының бірегей ландшафттарын қамтиды.
Түркістан облысы аумағында орналасқан бұл ерекше қорғалатын табиғи аумақ сирек кездесетін эндемик өсімдіктер мен жануарларды сақтауға, табиғи жүйелерді зерттеп, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.
Алғашында Сырдария өзені аңғарындағы экожүйені қорғау және қалпына келтіру, сондай-ақ орман алқаптарына бұхар бұғысын қайта жерсіндіру мақсатында Сырдария мемлекеттік табиғи кешенді қаумалы құрылған. Кейін 2012 жылы Арыс, Боралдай және Түркістан орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері біріктіріліп, қазіргі парк жасақталды. Бүгінде оның жалпы аумағы 119 949 гектарды қамтиды.
Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мекемесі ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің энтомологы Бекзат Қалбаевтың мәліметінше, мұнда елімізде кездесетін 488 құс түрінің 309-ы тіршілік етеді. Сонымен қатар 715 омыртқасыз жануар, 59 сүтқоректі және 992 өсімдік түрі анықталған.
Парк аумағында өсімдіктерді жерсіндіру мен көбейту мақсатында арнайы интродукциялық алаң құрылған. Боралдай, Сырдария және Түркістан филиалдарындағы алты тұқымбақта түрлі көшеттер өсіріледі.
Мекеменің аға ғылыми қызметкері Ғани Назарбектің айтуынша, 1999 жылы қайта жерсіндіру жұмыстары барысында әкелінген 6 бұхар бұғысының саны бүгінде 319-ға жеткен.
— Бұхар бұғыларының шамамен 50-ге жуығы арнайы күтімде ұсталады, сондықтан оларға күн сайын азық беріледі. Әр екі жыл сайын саны көбейген жануарлар табиғи ортаға жіберіледі. Еркіндікте жүрген аңдарға қыс мезгілінде қосымша жем-шөп жеткізіледі. Құстарға бидай шашылып, таудағы аңдарға тұзжалақ қойылады, — деді ол.
Қазақстанда кездесетін құстардың жартысынан астамы осы аумақта мекендейді
Табиғи-географиялық жағдайлары әртүрлі парк аумағында таулы, орманды, сазды-жазықты және шөлейт алқаптар кездеседі. Соған сәйкес өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің түрлік құрамы да сан алуан.
Мұнда 300-ден астам құс түрі бар, бұл — Қазақстанда кездесетін құстардың жартысынан астамы.
— Қазір кейбір құстардың солтүстікке ұшып өту кезеңі жүріп жатыр. Сонымен қатар осы аумақта ұялайтын түрлері де бар. Оларды тұрақты бақылауда ұстаймыз. Азық қоры жеткілікті, тыныштық режимі сақталған, аңшылыққа шектеу қойылған. Сондықтан қорғалатын аумақтарда құстар саны жоғары, — деді мекеменің аға ғылыми қызметкері.
Таулы бөліктерде тұяқтылардан қаратау арқары, елік, жабайы шошқа мекендейді. Жыртқыштардан қасқыр, шибөрі, түлкі, қарсақ, тас сусары мен борсық кездеседі.
Қолқанаттылар арасында ақбауыр үшкірқұлақ пен кеңқұлақты жарқанат бар. Кемірушілерден орман қарақасы мен үнді жайрасы тіршілік етеді.
Боралдай филиалы маңында Тянь-Шань қоңыр аюының кездесетіні туралы деректер бар. Сонымен қатар өзге аумақтарда қарақұйрық, кермарал, зорман, үлкен құмтышқан, тараққұйрық, северцов және басқа да қосаяқ түрлері, ондатра мен түрлі құмтышқандар таралған.
Парк фаунасындағы қаратау арқары, бұхар бұғысы, қарақұйрық, Тянь-Шань қоңыр аюы, үнді жайрасы, тас сусары, сондай-ақ бірқатар жарқанат түрлері Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қанша туристік маршрут бар
Бүгінде мұнда 350-ден астам қызметкер еңбек етеді. Ғылыми зерттеулерді ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің мамандары жүргізеді.
— Орталық кеңседе 50 қызметкер бар, қалғандары филиалдарда жұмыс істейді. Ғылыми бөлім жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Фотоқақпан, дрон және басқа да заманауи құралдар пайдаланылады. Әр 1 мың гектар аумаққа бір мемлекеттік инспектор бекітілген, — деді Ғани Назарбек.
Әртүрлі табиғи ландшафттарды қамтитын парк аумағында Сырдария өзені мен Боралдай тауларының көрікті жерлерінде демалысқа жағдай жасалған. Туристер үшін ағаш үйлер мен арнайы тынығу орындары жабдықталып, 8 бағыт бойынша туристік маршрут әзірленген.
— Туристік жүктеме негізінен демалыс және мереке күндері артады. Сол кезде бақылау күшейтіледі, — деді парк қызметкері.
Бұдан бұрын Қызыл кітапқа енген сирек жыртқыш құстың балапаны дүниеге келгенін жазған едік.