Бүгін 7-Қысқы Азиялық ойындардың ресми ашылуы болады - Астана
АСТАНА-АЛМАТЫ. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Қаламқас Әбуова/ - Бүгін Астанада VII Қысқы Азиялық ойындардың ресми ашылуы болады. Спортшылар мен қонақтардың алдында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлейді деп күтілуде.
Азиаданың ашылу рәсімі жергілікті уақыт 19.00-де «Астана-Арена» стадионында өтеді. Ашылу салтанаты «Қазақстан», «Хабар», «Caspionet» телеарналарының тікелей эфирінен көрсетіледі.
Азиада ойындарының тарихы 1952 жылдан басталады. Ал 1986 жылы алғаш рет қысқы Азиада ойындары ұйымдастырылды. Ауқымды жарыс төрт жылда бір рет өткізіліп тұрады. Азида ойындары Азияның Олимпиадалық кеңесінің басшылығымен жүзеге асырылады.
Қысқы Азиада ойындарының тарихына үңілетін болсақ, алғашқы жарыс 1986 жылы Саппоро (Жапония) қаласында 1-8 наурыз аралығында өткен. Мұнда спорттың 8 түрі бойынша жүлделер сарапқа салынған. Аталмыш жарысқа 7 елдің спортшылары қатысып, тек 4 елдің спортшылары ғана жүлделі орындарға ие болған. Екінші қысқы Азиада ойындары 1990 жылдың 9-14 наурыз аралығында тағы да Саппоро қаласында өтті. Мұнда спортшылар спорттың 6 түрі бойынша бақ сынасты. 10 елдің спортшылары қатысқан екінші қысқы Азиада ойындарынан 5 елдің спортшылары ғана елдеріне жүлдемен оралған.
Қазақстан Республикасы 1996 жылы 4-11 ақпанда Харбин (Қытай) қаласында өткен үшінші қысқы Азиада ойындарына алғаш рет қатысты. Бұл жолы спорттың 7 түрі бойынша медальдар сарапқа салынған. Қытай жерінде өткен жарысқа 17 елдің спортшылары қатысып, 5 елдің спортшылары жүлделі орындарды өзара бөліскен. Байрақты бәсекеде қазақстандық спортшылар 14 алтын медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 2 орынға тұрақтады.
1999 жылы Кангвон (Корея) қаласында өткен 4-ші қысқы Азиада ойындарында да Қазақстан спортшылары жақсы өнер көрсетті. Олар 10 алтын, 8 күміс және 7 қола жүлдені қанжығаларына байлаған. 2003 жылы Аомори (Япония) қаласында өткен жарыста да қазақстандықтар тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Жапон жерінде отандастарымыз 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальға ие болған. Ал 2007 жылы Чангуин (Қытай) қаласында өткен 6-шы қысқы Азиада ойындарында қазақстандық спортшылар 6 алтын, 6 күміс және 6 қола медальды қанағат тұтты.
Бұған дейін қысқы Азида ойындары тек қана Жапония, Қытай, Корея елдерінде ғана өткізіліп келген. Қазақстан Республикасы Азия құрлығынан қысқы Азиада ойындарын өткізуге жолдама алған төртінші ел болмақ.
2005 жылы құрылған Азияның олимпиадалық кеңесінің бас ассамблеясы 2011 жылы өтетін 7-ші қысқы Азиада ойындарын Алматы қаласында өткізу туралы шешім қабылдады. Қазақстанның Астана мен Алматы қалаларында өтетін 7-ші қысқы Азиада ойындары 8 күнге созылады деп жоспарлануда. 2011 жылы 30 қаңтарда шараның салтанатты ашылу рәсімі болады. 7-ші қысқы Азиада ойындары 6 ақпан күні өз мәресіне жетеді.