18:24, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Бүгін «Алаш айнасы» газетінің алғашқы саны жарық көрді
АСТАНА. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдары тағы бір жаңа басылыммен толықты. «Алаш айнасы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл – елімізге түгел тарайтын республикалық қоғамдық-саяси ақпараттық басылым,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Аталмыш басылым алғашқы санында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістан еліне жасаған сапарынан «Үнділер Қазақстан Президентін таңдапты» атты арнайы материал жариялаған.
«Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне Батыстың өзі мүдделі болды» деген тақырыпта саясаттанушы Әзімбай Ғалимен жүргізілген сұхбат та газеттің осы бірінші санында берілген.
Газетте елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайына сараптама жасалған және спорт пен мәдениет тақырыптарында материалдар жарық көріп отыр.
«Алаш айнасы» газеті ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде 2008 жылғы қарашаның 17-сінде тіркелген. Жаңа басылымның бас редакторы ? танымал журналист Серік Жанболат. Таралымы 10 мың дана.