03:23, 06 Наурыз 2012 | GMT +5
Бүгін әлемдегі тұңғыш ғарышкер әйел 75 жасқа толды
АСТАНА. 6 наурыз. ҚазАқпарат - Әлемдегі тұңғыш ғарышкер-әйел, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Валентина Терешкова бүгін 75 жасқа толды, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.

Осы мерейтойға байланысты ол РФ президентінің құрмет грамотасымен марапатталды.
Терешкова ресей армиясындағы алғашқы және әзірше бірден-бір әйел-генерал, техника ғылымдарының кандидаты, Кеңес Одағының Батыры.
Ол 1937 жылы 6 наурызда Ярославль облысының Большое Масленниково селосында дүниеге келген. Терешкова ғарышкерлер жасағына 1962 жылы 12 наурызда қабылданды. 1963 жылы 16 маусымда «Восток-6» ғарыш кемесімен үш тәулік ғарышта болды. Ол көп жылдар белсенді қоғамдық жұмыстар атқарды. 2011 жылы «Біртұтас Ресей» партиясынан Ярославль аймақтық тізімі бойынша Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды.