Бүгін алғашқы қазақтың ғарышқа ұшқанына - 21 жыл

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Осыдан 21 жыл бұрын дәл осы күні, ғарышқа Қазақстанның алғашқы ғарышкері, халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров аттанды.

Бүгін алғашқы қазақтың ғарышқа ұшқанына - 21 жыл

Т.Әубәкіров «Союз ТМ» кемесінде және «Мир» орбиталды кешенінде ұшуға әзірліктің жеделдетілген курсынан өтіп,  1991 жылдың 2 қазанында Александр Александрович Волковпен және австриялық ғарышкер Франц Фибекпен бірге «Союз ТМ-13» ғарыш кемесінің ғарышкер-зерттеушісі ретінде ғарышқа аттанды. Бір апта бойы «Мир» орбиталды кешенінде жұмыс істеді. 10 қазан күні Жерге оралды. Әуе кеңістігінде болу уақыты 7 күн 22 сағат 13 минутты құрады.

Қазақстан мен Австрияға ғарышқа жол ашқан бұл тарихи оқиғаны Қазақ КСР-ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Австрия Республикасының канцлері Франц Враницкий бақылады.

Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Байқоңыр ғарыш айлағында республиканың Ұлттық ғарыш агенттігі құрылатындығы туралы мәлім етті.