Бүгін «Алғашқы қоңырау» кезінде Алматыда көлік кептелісі 6/10 деңгейінде болды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жалпы білім беретін 207 мектептің аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 700-ге жуық патрульдік, ювеналды полиция және учаскелік инспекторлар жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев жаңа оқу жылының басталуына орай, іс-шараға тартылатын күштер мен құралдардың сәйкестігі бекітілгенін мәлім етті.

«Таңғы сағат 7-ден бастап патрульдік полиция инспекторлары мен мамандандырылған батальон қаланың негізгі жолдарындағы қозғалысты қолмен басқаруға ауыстырылды. Онымен 33 жол айрығы қамтылды. Сондай-ақ, кешкі сағат 18:00-ден 20:40-дейін көлік кептелісін болдырмау үшін жеке құрам қолмен басқаруға қойылады», - деді ол.

Айта кетейік, бүгін сағат 11:30-дағы жағдай бойынша Алматыда жол кептелісі 10 балдан 6 балл деңгейінде болды. Сондай-ақ, 6:00-11:00 аралығында 14 жол апаты тіркеліп, оның бесеуінде зардап шеккендер болды.


Соңғы жаңалықтар