Бүгін Алматы оқушылары мен жас суретшілер Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ұлықтады

Аталмыш шара оқушылардың ардагерлерге арнаған құттықтауымен басталды. Олар шараға арнайы шақырылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерін келе жатқан мерекемен құттықтап, дайындаған сыйлықтары мен гүл шоқтарын табыс етті. Оқушылар ардагерлердің өз ауыздарынан Ұлы Отан соғысына қатысушы қазақстандықтардың ерлігін сұрап, біле алды. Өз кезегінде, ардагерлер де оқушылармен Ұлы Отан соғысы жайындағы естеліктерімен бөлісті. "Бұл соғысты еске алғанда, жүрегім ауырады, көзіме жас келеді. Сұм соғыс қаншама адамның өмірін жалмады, қаншама бала жетім қалды, қанша адам қайғы жұтты, соғыстың ұшқыны әр отбасының басына тимей өткен жоқ. Сендер мұндай азапты күндерді көрмеген бақытты балаларсыңдар, соны бағалап, ел үшін, Отан үшін адал қызмет ететін жақсы азамат болып өсіңдер! Елімізде ләйім осындай бейбіт өмір, береке-бірлік, тыныштық бола берсін!", - деді Ұлы Отан соғысының ардегері Кәкен Әбенов.
Кездесу барысында ардагерлерге Алматы қаласының жас суретшілері мен «Георгий Халанский студиясының» тәрбиеленушілері қолдарынан шыққан портреттерді салтанатты түрде табыстау рәсімі болып өтті. Алматы ардагерлерінің суреттері салынған бұл туындылар "Батырлар портреттері" жобасы аясында салынған. «Аталмыш жоба мен бүгінгі шара жастар арасында әскери-патриоттық рухты қалыптастыруға, оқушылардың Ұлы Отан соғысы тарихына қызығушылығын оятуға, сонымен қатар, қазақстандық ардагерлердің ерлігін паш етуге, құрметтей білуге шақыруға бағытталған», - деді Тұңғыш Президент қорының орындаушы директоры Бектас Мұхамеджанов.
Шара барысында сонымен қатар, Тұңғыш Президент қорының бастамасымен басылып шыққан «Барлық ұрпақтың есінде» атты фотоальбомдар мен ардагер Кәкен Әбеновтың «Менің өмірімдегі Ұлы Отан соғысы: 60 жылдан соң» атты кітабы және Орынғали Есенғазиевтің «Ұлы отан соғысы: комбаттың тағдыры» атты монографиялары шараға қатысушыларға табыс етілді.
Шара соңында фотокөрме мен қылқалам шеберлерінің Жеңіс күніне арналған көрмесі ашылды.