Бүгін Алматыда байкерлік маусым ашылды - ФОТО

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласында, Қазақстан халқының бірлігі күні, 2014 жылдың байкерлік маусымы ашылды.

Бүгін Алматыда байкерлік маусым ашылды - ФОТО

Биылғы жылдың жаңа маусымын аша отырып, MCC-Motors мото клубының президенті Леонид Гульковский: «Міне, биылғы маусым да келіп жетті. Бізге қолдау көрсеткені үшін Алматы қаласының әкімдігіне алғысымызды білдіреміз. Біздің бүгінгі шараға Алматы қаласының ғана емес, сондай-ақ Алматы облысының байкерлері де келді. Арамызда астаналық байкерлер де бар. Барлығы мыңнан астам байкер жиналды. Биылғы маусымның бір ерекшелегі - оның ашылу салтанатына аты аңызға айналған мәскеулік стантрайдер, мотокаскадер Марат Канкадзе келіп отыр», - деді.

«Атакент» көрме кешенінде өткен шарада, келушілер назарына мотоциклдердің алуан түрі ұсынылды. Олардың ішінде стритбайк, спортбайк, чоппер, кросс секілді мотоциклдер де бар.

Байкерлік маусымның ашылу салтанатынан кейін әр түрлі сайыстар ұйымдастырылды.

Өз ісінің хас шеберлері стант-шоу, мото-джимхана секілді сынақтар бойынша жарысып, жұртшылықты тәнті етті.

Естеріңізге сала кетейік, стант-шоу - мотоциклді үстінде тұрып айдау, ал мото-джимхана - кедергілерден барынша тез орағытып өту.