Бүгін Алматыда Дулат Исабековтің 70 жылдық мерейтойына арналған Халықаралық театр фестивалі бастау алады

деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігінің Баспасөз қызметі.
Фестиваль бүгін сағат 18.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында ашылады. Фестиваль қойылымдары М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Н.Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры, Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театрының сахнасында көрсетілетін болады.
Фестивальге Ресей Федерациясының, Түркия, Болгария, Тәжікстан және Башқұртстан Республикаларының, сондай-ақ отандық театрлар қатысады. Фестивальдің бағдарламасы бойынша Д.Исабековтің «Жаужүрек», «Ескерткіш», «Ескі үйдегі екі кездесу», «Актриса», «Тор», «Мұрагерлер», «Әпке», «Құстар фестивалі» пьесалары көрерменнің назарына ұсынылады.
Дулат Исабеков - драматург, көптеген пьесалар мен повестердің авторы, публицист, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері. Д.Исабековтің шығармалары ішіндегі «Әпке», «Ертеңгі күту», «Анасын аңсаған қыз», «Мұрагерлер», «Тор», «Жаужүрек», «Актриса», «Ескі үйдегі екі кездесу» және тағы да басқалары қазақ драматургиясының асыл қазынасына айналған. Автордың шығармасындағы ең жағымды бейнесі - біздің өміріміздегі қиындықтар мен тағдыр тауқыметіне қарсы тұра білетін замандасымыз, ақырына дейін еш құрмет пен атақсыз-ақ өз келбетін сақтап қалдыруға тырысатын тұлға.
Шараның мақсаты: Халықаралық мәдени байланысты нығайту, қазақ драматургиясы және Қазақстан театр ұжымдарының өнерін насихаттау, ерекше идеяларға қолдау көрсету арқылы драматург пен театр арасындағы қарым-қатынасты дамыту.
Баспасөз конференциясы 10 қазанда сағ.17.00-де, фестивальдің салтанатты ашылуы 10 қазан күні сағат 18.00-де, жабылуы - 16 қазанда сағ. 16.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында өтеді.